Ордабасы ауданында еңбек ұжымымен маңызды ақпараттық кездесу ұйымдастырылды. «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының мүшелері Бостандық Жакей мен Есенғали Бөлебай конституциялық өзгерістерді түсіндіру мақсатында «Темірлан абаттандыру» мекемесінің қызметкерлерімен ашық диалог форматында кездесу өткізді.
Кездесудің басты ерекшелігі – еңбек ұжымы өкілдерінің пікірлері мен ұсыныстарына басымдық беріліп, олардың сұрақтарына жан-жақты жауап берілуі болды. Жиынға аудан аумағында еңбек етіп жүрген жұмысшылар қатысып, алдағы конституциялық өзгерістердің мазмұны, негізгі бағыттары және күтілетін нәтижелері туралы кеңінен ақпарат алды.

Коалиция өкілдері ұсынылып отырған түзетулердің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалына тоқталып, азаматтардың құқықтары мен қоғамдық үдерістерге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бастамалар туралы түсіндірме берді.
Кездесу барысында еркін форматтағы сұрақ-жауап ұйымдастырылып, әрбір қызметкер өз ойын ашық білдіруге мүмкіндік алды.
Аудандық коалиция мүшесі Бостандық Жакей өз сөзінде аталған өзгерістер қоғам сұранысынан туындаған маңызды қадамдар екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңартылатын нормалар мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын арттырып, халық пен билік арасындағы өзара байланысты нығайта түседі. Сонымен қатар ол әрбір азамат реформалардың мәнін түсініп, қоғамдық үдерістерге белсенді қатысуының маңыздылығына тоқталды.

Өз кезегінде коалиция мүшесі Есенғали Бөлебай еңбек адамдарының пікірі мен ұсыныстары әрдайым назарда болуы тиіс екенін айтты. Ол коммуналдық саладағы еңбек тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін маңызды бағыт екенін атап өтіп, кез келген реформада өндіріс саласында еңбек ететін азаматтардың мүддесі ескерілуі қажет екенін жеткізді.
Жиын қорытындысында мұндай ақпараттық кездесулердің маңызы зор екені айтылып, түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да түрлі еңбек ұжымдарында жалғасын табатыны атап өтілді.
Еңбек ұжымымен өткен бұл кездесу өзара сенім мен ашық пікір алмасуға негізделген мазмұнды әрі нәтижелі диалог алаңына айналды.
