Басты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДА ТӨРТ ЕЛДІ МЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛДЫ

Түркістан облысында елді мекендерді кезең-кезеңімен табиғи газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл бағыттағы жобалар тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, экологиялық жағдайды жақсартуға, отын шығынын азайтуға және ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруде.

Бүгін Ордабасы ауданына қарасты Қараспан ауыл округінде табиғи газ желісінің құрылысы аяқталып, Мәдениет, Жұлдыз, Ынтымақ, Жаңатұрмыс елді мекендерінде газдандыру нысаны салтанатты түрде іске қосылды. Аталған жобаның нәтижесінде 150-ге жуық абонент көгілдір отынға қосылып, ауыл тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз тұрмыстық жағдай жасалды.

Салтанатты шараға Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев қатысып, тұрғындарды маңызды инфрақұрылым нысанының іске қосылуымен құттықтады. Аудан әкімі өз сөзінде ауылдарды табиғи газбен қамту Мемлекет басшысының халықты сапалы өмірлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ көгілдір отынның қолжетімді болуы отбасылық шығынды азайтып, тұрмыстық қауіпсіздікті арттырып, жастардың ауылда тұрақтап қалуына оң әсер ететінін айтты.

Іс-шараға ауыл ақсақалдары, қоғам белсенділері, мердігер ұйым өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысып, тарихи сәттің куәсі болды. Ауыл тұрғындары мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын білдіріп, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

Айта кетейік, бүгінде Ордабасы ауданы бойынша 42 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Бұл аудан халқының 73,6 пайызы көгілдір отынға қол жеткізіп отырғанын білдіреді. Ал 2026 жылдың соңына дейін халқы тығыз орналасқан Шұбарсу ауылын толықтай табиғи газбен қамту көзделіп отыр. Қазіргі таңда Шұбарсу елді мекенін газдандыру құрылысы 4 кезең бойынша кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Сонымен қатар, алдағы уақытта Бадам, Дербес, Ақбұлақ, Қалаш, Дихан елді мекендерін газдандыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр. Бұл жобалар толық жүзеге асқанда Ордабасы ауданындағы газдандыру деңгейі айтарлықтай артып, өңірдің инженерлік инфрақұрылымы нығая түспек.

Жалпы, Түркістан облысында газдандыру жұмыстары облыстық даму бағдарламалары мен мемлекеттік қолдау аясында жүйелі түрде жүргізілуде. Алдағы жылдары бұл бағыттағы жобалар жалғасын тауып, өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ауылдардың тұрақты дамуына негіз болмақ.

Қатысты жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Ухнаагийн Хурэлсухтың шақыруымен Моңғолияға мемлекеттік сапармен келді

bastynews

САЙРАМ АУДАНЫНДА ІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ: ҚҰС ФАБРИКАСЫ МЕН ҚҰРЫЛЫС БОЯУЛАРЫН ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ

bastynews

ПРЕЗИДЕНТ: ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН ЖАҚСАРТУҒА СЕПТІГІ ТИЕТІН КӨПТЕГЕН ШАРА ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

bastynews