Басты жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ТАҒЫЛЫМДЫ АВТОРЛЫҚ ДӘРІС ӨТТІ

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде саясаттанушы, тарихшы, қоғам қайраткері Жандос Әуелбекұлы Қарынбаевтың «Қазақ-поляк байланыстарының тарихынан 33 қызықты айғақ» тақырыбындағы авторлық дәрісі өтті. Тағылымды шара ғылым мен тарихқа қызығушылық танытқан көпшілік үшін мазмұны терең, танымдық мәні жоғары кездесу болды.

Шараның басты мақсаты – ғылыми білімді кеңінен насихаттау, ұлттық бірлік пен этносаралық келісімді нығайту, сондай-ақ қазақ және поляк халықтарының тарихи байланыстарын тың деректер мен жаңа ғылыми көзқарас тұрғысынан таныстыру. Дәріс барысында екі халықтың тағдыр тоғыстырған тарихи кезеңдері, ортақ құндылықтары мен өзара ықпалдастығы жан-жақты қамтылды.

Спикер өз сөзінде ғылыми негіз болған «Қазақстан поляктары: қалыптасу тарихы мен бүгіні» (2016) және «Қазақ-поляк байланыстарының тарихы танымал тұлғалардың мысалында» (2021) атты еңбектеріне кеңінен тоқталып, мұрағаттық деректер мен тарихи құжаттарға сүйене отырып, көпшілікке беймәлім құнды айғақтармен бөлісті. Автор қазақ даласына тағдыр айдап келген поляк зиялыларының ел өміріне, ғылым мен мәдениетке қосқан үлесін нақты мысалдар арқылы баяндады.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған дәріс аясында Шоқан Уәлиханов, Әлихан Бөкейханов, Қажымұқан Мұңайтпасов сынды тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметіндегі қазақ-поляк байланыстары тереңінен сөз болды. Бұл байланыстардың қазақ халқының рухани, мәдени және ғылыми дамуына тигізген ықпалы ерекше аталып өтті.

Авторлық дәріс ғылыми-көпшілік, еркін форматта өтіп, мультимедиялық презентациямен сүйемелденді. Тыңдаушылар тарапынан қойылған сұрақтарға спикер жан-жақты жауап беріп, пікір алмасу алаңы қалыптасты. Шара қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырып, мазмұнды ойлар мен жаңа танымдық көзқарастарға жол ашты.

Тағылымды кездесуге Түркістан қаласы мен облыстың зиялы қауым өкілдері, университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық топ мүшелері, сондай-ақ студент жастар қатысты.

Іс-шара қорытындысында авторлық дәріс қатысушыларға тарихи жадының маңызын терең сезіндіріп, түрлі этностар арасындағы өзара құрмет пен түсіністікті нығайтудың маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады. Осындай мазмұнды кездесулер жас ұрпақтың тарихи сана-сезімін қалыптастырып, ғылыми ой-өрісін кеңейтуге зор үлес қосатыны атап өтілді.

Қатысты жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті

bastynews

ZHANIBEKOV UNIVERSITY – ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТТЕРДІҢ ҚАТАРЫНДА

bastynews

Қазақстандағы көлік саласына жаңа талаптар енгізілмек

Bastynews