Сауран ауданында 6 ауылдық округте өндірістік алаңдар құрылып жатыр. Онда 100-ге жуық шағын цех ашылып, 1 500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Өткен жылы Шаға ауылдық округіндегі өндірістік алаңда 40 нысанның құрылысы аяқталып, 16 цех іске қосылған. Нәтижесінде 700 азаматқа жаңа жұмыс орны ұсынылған. Бұл жайында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
«Қазіргі таңда Қарашық ауылында 14 цехтың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы инвестиция көлемі – 4,8 млрд теңге. Жыл соңына дейін ауылда 10 цех толықтай іске қосылмақ. Сондай-ақ, Иассы ауылдық округінде 21 өндірістік цехтың құрылысына жер телімі бөлінген. Жобаға 6,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Ал, Қосмезгіл ауылында 10 өндірістік цехтың ғимаратын салу жоспарланып, қазіргі таңда 3 нысанның құрылысы жүруде. Сондай-ақ, Үшқайық ауылдық округінде жиһаз өндіретін 16 цех ғимаратының құрылысы жүргізілсе, Жүйнек ауылында 16 цехтың 12-сінің құрылысы аяқталған. Сонымен қатар, Еңбекші Дихан елді мекенінде 18 цехтың құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр» – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, Оранғай елді мекенінде жиһаз дайындайтын 8 өндірістік ғимарат пен Шорнақ елді мекенінде құрылыс материалдарын өндіретін өндіріс алаңдарын құру жоспарланып отыр.. Ал, «Тұран» арнайы экономикалық аймағында уран өндіруге пайдаланылатын қажетті құбырлар шығаратын зауыт, бір реттік ыдыс дайындайтын өндірістік зауыт, диеталық қоспалар мен дәрумендер өндіретін кәсіпорын мен металл өндіру зауытының құрылысы басталған. Өңір экономикасына тың серпін беретін бірнеше жоба шетелдік компаниялармен бірлесіп те жүзеге асырылуда. Мәселен, Қазақстанның 30 жылдығы елді мекенінде «Euro Sandwich Panel» ЖШС-ң сендвич панель, металл конструкция дайындайтын зауытының құрылыс жұмыстары басталған. Бұдан бөлек, Түркия Республикасының «Occa Chair» компаниясы мен «Сейхун» ЖШС-і бірлесіп Жүйнек елді мекенінде түркиялық тәсілмен жиһаз жасау цехын іске қосты. Жалпы кәсіпкерлік саласында аудан бойынша 83 жоба іске асырылып, 2 500 жаңа жұмыс орны құрылмақ.
«2025 жылдың қорытындысымен ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 147,3 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 124%-ға артты. Бұл көрсеткіштің 72%-ы – ауыл шаруашылығы, 15%-ы – өнеркәсіп саласы, 9%-ы – құрылыс саласы, 4%-ы – сауда саласының үлесінде. Сондай-ақ, аудан экономикасына 2025 жылы 71,4 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 105,7%-ды құрады. Ауданда туризм саласы да қарқынды дамып келеді. Өңірдегі республикалық маңызды тарихи-мәдени нысандарға келушілер саны 101 мың адамға жуықтаған. Көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 110%-ға артқан» – деді спикер.
Аудандағы инфрақұрылым саласында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, халықты таза ауыз сумен қамту бағытында екі жылдың көлемінде 13 елді мекен ағымдағы жөндеуден өткен. Ал, Ибата, Бостандық, Абай, Ескі Сауран, Шаға, Бершінтөбе, Аша елді мекендерінде электр жүйелері жаңаланып, құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ, қазіргі таңда Қарашық, Жүйнек ауылдық округтеріне магистральды газ құбыры және Оранғай, Шорнақ, Қосмезгіл, Аша, Шыпан, Құмтүйін елді мекендерінде ішкі газ құбырының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде аудан аумағын газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 60 пайызды құрайтын болады. Сондай-ақ, аудандағы ішкі жолдардың қанағаттанарлық үлесі 74%-ды құрап отыр.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
