Жаңа жыл Мақтаарал ауданы үшін жағымды жаңалықтармен басталды. Аудан аумағында бір күнде үш бірдей фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындарына көрсетілетін алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі едәуір артты. Бұл бастама шалғай ауылдардағы халықтың сапалы медициналық қызметке тең дәрежеде қол жеткізуіне бағытталған.
Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Өнімкер, Ырысты және Қарақыр ауылдарында салынған жаңа медициналық нысандардың ашылу салтанатына Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов қатысып, жергілікті тұрғындарды маңызды әлеуметтік нысандардың іске қосылуымен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде ауыл халқының денсаулығын қорғау және медициналық қызмет сапасын арттыру мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер тұрғындар игілігі үшін ұзақ жылдар бойы сапалы қызмет көрсететініне сенім білдірді.
Аталған медициналық нысандар мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ/ГЧП) тетігі аясында салынған. Құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген санитарлық және құрылыс талаптарына сай жүзеге асырып, ғимараттарды заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз еткен мердігер ұйым – «QAZ Goodwill» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Фельдшерлік-акушерлік пункттер модульді үлгіде бой көтеріп, қажетті инженерлік желілермен және заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Мұнда ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету, профилактикалық тексерулер жүргізу, жүкті әйелдер мен жас балалардың денсаулығын бақылау, сондай-ақ шұғыл жағдайларда алғашқы жәрдем көрсетуге толық мүмкіндік қарастырылған.
Салтанатты шара барысында ауыл ақсақалдары мен тұрғындар әлеуметтік маңызы бар жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен облыс және аудан басшылығына, сондай-ақ «Мырзакент» аудандық ауруханасының бас дәрігері мен медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді. Тұрғындардың айтуынша, жаңа ФАП-тардың іске қосылуы ауыл халқы үшін үлкен қуаныш әрі медициналық қызметке жүгінудегі уақыт пен шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, соңғы жылдары Мақтаарал ауданында ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы екі жыл ішінде аудан аумағында 10-ға жуық фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға беріліп, медициналық қызмет көрсету сапасы біртіндеп жақсарып келеді.
Сонымен қатар, былтыр Түркістан облысы бойынша 30-ға жуық фельдшерлік-акушерлік пункт ел игілігіне берілген. Бұл өз кезегінде өңірде алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, халық денсаулығын нығайтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.
