Бұл туралы брифинг барысында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Даурен Жүсіпов мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, қысқы мезгілде су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыс аумағында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мұз» профилактикалық акциясы өткізілуде. Акцияның негізгі мақсаты – тұрғындарды, әсіресе балықшылар мен жасөспірімдерді мұз үстіндегі қауіп-қатерлерден сақтандыру және қайғылы жағдайлардың алдын алу.
«Мұз» акциясы аясында департамент қызметкерлері тұрғындармен тікелей кездесіп, қысқы уақытта су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осы мақсатта балық аулау аймақтары мен аңшылық дүкендерінде қыс мезгіліндегі су және мұздағы қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде 18 500 дана жадынама таратылды. Сонымен қатар 18 751 оқушыға арналған «Судағы және мұздағы қауіпсіздік ережелері», «Суда зардап шегушілерді құтқару және алғашқы дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету тәсілдері» тақырыптарында интерактивті әрі тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылды.
«Су айдындарында балық аулау кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу немесе орындамау фактілері бойынша жеке тұлғаларға 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатынын ескертеміз. Әрбір азамат өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы қажет», – деді Даурен Жолдасбекұлы.
Брифингке қатысқан Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мейрамхан Кемелханов өңірдегі өрт қауіпсіздігі және улы газбен уланудың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Оның айтуынша, облыс аумағында 380 мыңнан астам тұрғын үй бар, оның ішінде 271 836 тұрғын үйде тексеру жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда 403 елді мекенде орналасқан 60 779 тұрғын үй қатты отынмен жылытылады. Аралау барысында тек 1 492 тұрғын үйде ғана көміртегі тотығын анықтайтын электронды дабылқаққыш құрылғылары бар екені анықталған.
Нәтижесінде, шалғай ауылдардағы әлеуметтік жағдайы төмен 2 254 тұрғын үйдің мұржалары тазартылып, пештерінің қауіпсіздігі тексерілді. Тұрмыстық өрттердің алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен және полиция қызметімен бірлесіп 56 ауқымды профилактикалық рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар тұрғын үйлерге газосигнализатор орнату жұмыстары кезең-кезеңімен әрі жүйелі түрде жүргізілуде.
«Облыс аумағында 2026 жылы улы газбен уланудың 1 жағдайы тіркелсе, 2025 жылы мұндай 2 жағдай орын алған. Бұл көрсеткіштерді төмендету үшін түсіндіру және алдын алу шаралары күшейтілуде», – деді Мейрамхан Кемелханов.
Айта кетейік, қысқы мезгілдегі қауіпсіздік шаралары аясында облыстағы 315 білім беру ұйымында, 900-ден астам халық көп шоғырланатын нысандарда, сондай-ақ 300 жатақхана мен қонақ үйлерде өрт кезінде эвакуациялау тәртібі, өрт дабылқаққыш құралдарының маңыздылығы және төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмдері бойынша ақпараттық-түсіндіру кездесулері өткізілді.
Жалпы атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстар өңірде адам өмірі мен денсаулығын сақтау, су айдындарындағы және тұрмыстағы төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында кешенді түрде жалғасатын болады.
