Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық әлеуетін одан әрі нығайту қажеттігіне назар аударып, интеграциялық бірлестікті дамытудың басым бағыттарын айқындады.
Президенттің айтуынша, қазіргі таңда әлем жаппай цифрлық трансформация мен жасанды интеллект дәуіріне қадам басып отыр. Осыған байланысты заманауи технологияларды ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикасының барлық саласына енгізу маңызды.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект технологиясын ЕАЭО қызметіне кезең-кезеңімен енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, мұндай жүйелерді сауда ағындарын жоспарлау және кедендік баж салығының ықпалын бағалау мақсатында қазірдің өзінде қолдануға болатынын айтты. Сондай-ақ келесі жылы Қазақстанның ЕАЭО-ға төрағалығы аясында өтетін дәстүрлі Еуразия экономикалық форумы барысында Экономикалық одақ кеңістігінде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану туралы бірлескен мәлімдеме қабылдау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақтың әлемдегі маңызды көлік-логистика торабына айналу әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, одаққа мүше мемлекеттердің аумағы арқылы Батыс Қытай – Батыс Еуропа, Солтүстік – Оңтүстік және Транскаспий халықаралық көлік бағыты секілді негізгі дәліздер өтеді.
Президент Қазақстанның шетелдік серіктестермен бірлесіп Ресей Федерациясында, Қытайда, Әзербайжанда және басқа да елдерде халықаралық мультимодальды логистика орталықтары мен терминалдар желісін дамытуға белсенді түрде кіріскенін айтты. Сонымен қатар Румыния мен Мажарстанда да осындай инфрақұрылым нысандары дамытылып жатқанын жеткізді. Мемлекет басшысы сауда-саттықты жандандырып, жүк тасымалы шығындарын азайту мақсатында ұйымға мүше өзге мемлекеттерді де бұл іске атсалысуға шақырды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Каспий теңізі жағалауындағы теңіз инфрақұрылымы арқылы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері ашылатынын атап өтті. Президенттің айтуынша, Каспий теңізіндегі негізгі порттарда орналасқан заманауи контейнерлік хабтар өсіп келе жатқан жүк тасымалына толыққанды қызмет көрсете алады. Осы ретте ол ұйымға мүше мемлекеттердің транзиттік әлеуетін арттыруға серпін беретін Кеме қатынасы туралы келісімнің күшіне енуін жеделдетуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік нарықта сұранысқа ие, қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталған жаңа өндіріс орындарын дамытуға ерекше мән беру қажет екенін айтты. Еуразия даму банкінің сарапшыларының бағалауынша, ЕАЭО елдерінің өнеркәсіп тауарларын өндіру және экспорттау бойынша қосымша мүмкіндігі 67 миллиард долларды құрайды. Осы әлеует толық іске асырылған жағдайда, түпкі нәтиже 500 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін. Президент бұл мақсатқа қол жеткізу үшін өнеркәсіптік кооперацияны күшейтіп, серпінді инновациялық жобаларға инвестиция салу қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы өзара сауда-саттықтағы әкімшілік кедергілерді толық жоятын уақыт келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, азаматтардың еркін қозғалуына кедергі келтіретін жасанды шектеулерді алып тастап, шекарадағы жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегін жою қажет.
Президент кедендік реттеу және көлік, санитарлық, ветеринарлық, фитосанитарлық мемлекеттік қадағалау шаралары ұйым ішіндегі кейбір шешімдерді өткізу құралы ретінде қолданылмауға тиіс екенін баса айтты. ЕАЭО құрылған сәттен бастап кедергісіз сауда ортасын қалыптастыруға бағытталған бірқатар құжаттар қабылданғанын еске салып, енді осы міндеттерді мүлтіксіз орындап, өзара сауда мен еркін қозғалысқа тосқауыл болатын мәселелерді уақтылы шешу қажеттігін атап өтті. Осы орайда Комиссияға кедергілерді жедел анықтау мақсатында мүше мемлекеттердің заңнамалық бастамаларына мониторинг жүргізетін жасанды интеллект технологиясын енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ынтымақтастық аясын кеңейтуге де тоқталды. Оның айтуынша, биыл Моңғолиямен Еркін сауда аймағы туралы келісімге, Біріккен Араб Әмірліктерімен Экономикалық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар Индонезиямен де осындай келісім жасалуда. Президент бұл келісімдерді бірлескен жұмыстың елеулі нәтижесі деп бағалап, өзге елдердің Еуразиялық экономикалық одақпен сауда байланыстарын тереңдетуге қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы алдағы кезеңде ЕАЭО-ның Жаһандық Оңтүстік, Араб елдері, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка мемлекеттерімен ықпалдастығын кеңейту маңызды екенін айтты. Сонымен қатар Шанхай ынтымақтастық ұйымы, АСЕАН сияқты басқа да халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылға айрықша көңіл бөлу қажеттігін жеткізді.
