Басты жаңалықтар

«КӨПТЕН КҮТКЕН ҚУАНЫШ»: БАЙЫРҚҰМҒА БИЫЛ ГАЗ ЖЕТІП, ЖАҢА СПОРТ ЗАЛ САЛЫНУДА

Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев Байырқұм ауылдық округіне барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Жиында елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстар, алдағы жоспарлар және халық тарапынан көтерілген өзекті мәселелер талқыланды. Әкім ауылдың инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы нақты нәтижелерді атап өтті.

Биыл Байырқұм мен Көкжиде елді мекендері үшін маңызды кезең болды. Тұрғындар көп жылдардан бері күткен табиғи газ желісі іске қосылып, алғашқы от жағылды. Бұл жаңалық ауыл өмірін айтарлықтай жеңілдетіп, тұрмыстық шығындарды азайтып, тұрғындардың өмір сапасын жаңа деңгейге көтеріп отыр. Газдандыру жобасы ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадам ретінде бағалануда.

Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Байырқұмда жаңа спорт залдың құрылысы жүріп жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау және дене шынықтыруға қызығушылығын арттыру. Заманауи талаптарға сай салынатын нысан пайдалануға берілгеннен кейін спорт секцияларын ашуға мүмкіндік туады. Бұл жергілікті жастардың дамуына бағытталған елеулі әлеуметтік қолдау болмақ.

Жол жөндеу бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылған. Байырқұм ауылындағы Абай, Б.Майлин және Тұрғынбаев көшелеріне, ал Көкжиде елді мекеніндегі М.Мәметова мен Алматы көшелеріне тас төселді. Инфрақұрылымды жақсартудың келесі кезеңі ретінде Байырқұмдағы орталық — Тұрғынбаев көшесінде жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Бұл қауіпсіздік пен тұрғындар қозғалысын жақсартуға әсер ететін маңызды жоба.

Көкжиде елді мекенінде балалар ойын алаңшасы орнатылып, ауыл балалары үшін жаңа демалыс орны пайда болды. Ойын алаңының ашылуы ауылдықтардың көптен күткен тілегі болатын. Бұдан бөлек, Байырқұм ауылында электр желілері кезең-кезеңімен жаңартылып, ескі трансформаторлар мен жарамсыз бағаналар ауыстырылды. Бұл электр қуатын тұрақтандыруға және желінің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында тұрғындар ауылдағы өзекті мәселелерді ортаға салып, қоғамдық қажеттіліктерін жеткізді. Қала әкімі барлық ұсынысты тыңдап, оларды шешуге қатысты тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Әкімнің айтуынша, әрбір мәселе бақылауда болып, орындалу барысы қадағаланады.

Кездесуден кейін Қайсар Маңқараев Байырқұмдағы спорт зал құрылысының алаңына барып, жұмыс қарқынымен танысты. Ол құрылыс сапасын жіті бақылап, мердігер ұйымға нысанды белгіленген мерзімде әрі сапалы түрде аяқтауды тапсырды.

Қатысты жаңалықтар

«Сол кезде ауыр соққы алдым» – Ерболат неге еңкілдеп жылады (Видео)

Bastynews

Қазақстандық әнші Данэлия Төлешова America’ s Got Talent финалына өтті

Bastynews

Нұрсұлтан Назарбаев бейнеүндеу жасады

Bastynews