уризм адамдардың өміріндегі басты компоненттердің бірі. Жалпы туризм дегеніміз – ол адамдардың өздерінің тұрақты, үйреніп қалған жерінен, демалу, сауығу, емделу, танымдық, тарихи-мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында басқа жерлерге уақытша баруы. Мәдени-танымдық туризм – бұл барған елдің халқының салт-дәстүрімен, тұрмысымен, құндылықтарымен таныстыру, рухани таным, мәдени ой-өрісін кеңейту мақсатындағы саяхат. Әлемдік жаһанданудың әсерінен туризм халықаралық сипатқа ие болды. Қазіргі таңда тарихи-мәдени мұра ескерткіштеріне байланысты көптеген туристік бағыттар пайда болды. Солардың ішіндегі ең белгілісі, ең жақсы дамып келе жатқаны – «Ұлы Жібек жолы бағыты», оған көптеген мұражайлар, ескерткіштер кіреді.
Түркістан облысы — Отанымыздың көптеген тарихи және мәдени мұра ескерткіштері шоғырланған аумақ. Бұл жерде ежелгі қалалар, кесенелер, ғибадат орындары орналасқан. Көптеген ғасырлар бойы осы жерлермен Қытайдан Еуропа мен Таяу Шығысқа, атақты Жібек жолы арқылы керуен жолдары өтті.
Түркістанның әр бұрышы, әр мүйісі – тарих. Бүгінде мемлекеттік тізімге алынған өңірдегі мәдени-тарихи ескерткіштер саны кеңес дәуірімен салыстырғанда төрт еседен асыпты. Дегенмен, сол мұраларымызды сақтау, оларды қорғау төңірегінде әлі де түйткілді проблемалар аз емес.
Түркістан өңірінің зерттелу тарихы 1947 жылдан басталады. Сол жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясына жетекшілік еткен Н.Бернштам, Е.Агеева, К.Байпақов сынды ғалымдардың бастамасымен өңірімізде алғашқы археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде, көптеген тарихи ескерткіштер есепке алынып, оларды зерттеу ісіне жол ашылды. 1994 жылы «Свод памятников истории и культуры Казахстана. Южно-Казахстанская область» атты еліміздегі тарих және мәдениет ескерткіштерінің тұңғыш жинағы жарық көріп, оның алғашқы томы Оңтүстік Қазақстан облысына арналды. Міне, осы кітапқа өңірімізден 700-ге тарта ескерткіш енгізілді. Түркістан облысы құрылғалы тарихи мұраларымызды түгендеу, оларды жүйелі зерттеу жұмыстары бұрынғыға қарағанда қарқын ала түсті деуге болады. Дәл қазіргі уақытта Отырар, Оқсыз, Құйрықтөбе және Алтынтөбе секілді Отырар қалашығы маңындағы көне ескерткіштер мен Түркістан маңындағы Күлтөбе, Шойтөбе және Сауран қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осының ішінде республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылған «Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру» жобасының маңызы ерекше. Бүгінде бұл жоба аяқталып, туристерге ұсынылатын маңызды нысандардың қатарынан орын алып отыр. Жалпы, Түркістан облысындағы археологиялық ескерткіштерді есепке алу, оларды зерттеу жұмыстарына Ә.Марғұлан атындағы археология институты, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы «Археология ғылыми-зерттеу орталығы», «Отырар» және «Әзірет-Сұлтан» қорық-музейлері айрықша үлес қосып келеді.
