Жетісай ауданында жер сілкінісі, өрт, су тасқыны және өзге де табиғи әрі техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ ықтимал апаттарға дайындық деңгейін арттыру мақсатында кешенді оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Іс-шара барысында аудан аумағында орын алуы мүмкін төтенше жағдайлар кезінде жедел әрі үйлесімді әрекет ету алгоритмдері пысықталды.
Оқу-жаттығуға аудандық азаматтық қорғау және авариялық-құтқару қызметі қатарынан құрылған 12 команда қатысып, олардың жетекшілері мен жеке құрамының қызметтік міндеттері тексерілді. Құтқару техникасының, арнайы құрал-жабдықтардың жарамдылығы, жеке құрамның кәсіби дайындығы және шартты апат салдарын жою барысындағы іс-қимылдары жан-жақты бағаланды. Әсіресе төтенше жағдай кезінде халықты құтқару, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету және қауіпсіз аймаққа эвакуациялау шараларына басымдық берілді.
Шараның негізгі мақсаты – айтып келмейтін табиғи және техногендік апаттарға әрдайым дайын болу қағидатын басшылыққа ала отырып, аудан аумағындағы азаматтық қорғау күштері мен құралдарының әзірлігін нақтылау, олардың өзара үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ техникалық мүмкіндіктерін пысықтау болды.
Оқу-жаттығу барысында аудан басшысы төтенше жағдай орын алған сәтте бірінші кезекте маңызды саналатын салаларға айрықша назар аударды. Атап айтқанда, үздіксіз байланыс жүйесін қамтамасыз ету, азық-түлік пен алғашқы қажеттілік тауарларын жеткізу, барлау және іздестіру-құтқару қызметтерінің жедел жұмыс істеуіне басымдық берілді. Сонымен қатар тиісті қызметтер арасындағы өзара іс-қимыл мен басқару тетіктері тәжірибе жүзінде тексерілді.
Нәтижесінде ауданда төтенше жағдайлардың алдын алу, адам шығынын болдырмау және апат кезінде белгіленген тәртіпке сай дер кезінде әрі нақты әрекет ету бағытындағы жұмыстар тағы бір мәрте пысықталды. Мұндай оқу-жаттығулар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Өйткені Қазақстан Республикасының Конституциясында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде айқындалған. Осы қағидатты басшылыққа ала отырып, Жетісай ауданында төтенше жағдайларға дайындық жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
