Спорт

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ТҮРКІСТАНДЫҚ СПОРТШЫЛАР БИЫЛ 1 300-ГЕ ЖУЫҚ МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ

2025 жылдың 9 айында Түркістан облысының спортшылары жалпы саны 1 248 медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, әлем чемпионаттарынан – 79, Азия чемпионаттарынан – 109, ел біріншіліктерінде – 1 060 медаль өңір спортшыларына бұйырды. Бұл туралы өткен брифингте Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров хабарлады.

– Облысымызда дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 911 мыңнан астам адамды құрайды. Түркістан қаласында орналасқан ірі спорт нысандарында барлық жастағы тұрғындар үшін аптасына 1 рет тегін қызмет көрсету енгізілген, және 2 000-ға жуық қала тұрғыны тартылды. Атап айтқанда, Мұз сарайы кешені дүйсенбі күндері, теннис орталығы сәрсенбі күндері, орталық су спорт кешені бейсенбі күндері, «Turkistan-Arena» сәрсенбі күндері келушілерге тегін қызмет көрсетеді, – деді Ғ.Худияров.

Сонымен қатар, ел арасында бұқаралық спортты насихаттау мақсатында биыл облыс аумағында 3 273 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 228 462 адам қатысқан. Жыл соңына дейін Түркістан облысында 11 ірі спорттық шара өткізу жоспарланып отыр. Оған «Turkistan Marathon», триатлоннан Азия кубогы, қазақ күресінен ересектер арасындағы Азия чемпионаты және қазақ даласының батыры Қ.Мұңайтпасовты еске алуға арналған қазақ күресінен Әлем кубогы кіреді.

Облыста спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасау мақсатында 3 540 спорт нысаны қызмет көрсетуде. Аталған көрсеткішті арттыру үшін 2025 жылы 65 млрд теңгеге 102 спорт нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған. Бүгінгі таңда 8 млрд теңгеге 40 нысан пайдалануға берілген.

Сонымен қатар, жуырда Алматы облысында 4 жылда бір рет өтетін «Ақ бидай» ауыл спорт ойындарында облыс құрамасы 498 ұпай жинап, жалпыкомандалық есепте 1-орынға ие болды. Айта кетерлігі, Түркістан облысы болып құрылғалы бері өңіріміз қатарынан 2 рет жеңімпаз атанған.

– Біз спорт саласына ерекше мән беріп, жас спортшыларға қолдау көрсетуді басты бағытқа айналдырдық. Бұл – облысымыздың халықаралық аренада танылуына, жас таланттарды анықтауға және бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да барлық деңгейде спорттық инфрақұрылым мен іс-шараларды кеңейту жұмыстары жалғасады, – деп атап өтті Ғалымжан Худияров.

Түркістан облысы спорт саласында жеткен табыстарымен республикада алдыңғы қатарда болып, жас спортшылар мен кәсіби спортшыларға қолайлы жағдай жасап келеді.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕ ЗАМАНАУИ СПОРТ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

bastynews

Роналду «Ювентустан» кете ме?

Bastynews

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТӨЛЕБИ БАБАНЫҢ 360 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ «КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫ» ӨТТІ

Bastynews