Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін арттыру, жаңа өндіріс орындарын ашу және экономикалық өсімді нығайту бағытында ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Облыста 2025–2028 жылдарға арналған 111 инвестициялық жобаның пулы қалыптасып, бұл жобалар іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Биыл 58 инвестициялық жобаны жүзеге асыру қолға алынып, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Қазіргі уақытта 34 инвестициялық жоба іске қосылып, 4 889 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар мен туындаған мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті апталық мәжілісте кеңінен қаралды.
Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі:
– 2025 жылдың қорытындысымен бекітілген индикаторлардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Әлеуетті инвесторларды тарту мақсатында облыстағы бос жерлердің картасын әзірлеуді аудан әкімдеріне және Жер қатынастары бөлімдеріне тапсырамын. Бұл жұмыстар өңірдегі инвестициялық климатты жақсартып, жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.
Түркістан облысының инвестициялық климаты жақсартылып, өңірге отандық және шетелдік капитал тарту бағытында жүйелі шаралар қолға алынуда.
Қанат Шонбасов, Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
– Тоғыз айдың қорытындысымен тартылған инвестициялар көлемі 1 трлн 12,2 млрд теңгеге жетіп, тиісті кезеңмен салыстырғанда 115,9 %-ға артты. Бұдан бөлек, 2025 жылға 475 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту индикаторы бекітілген. II тоқсанның қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды.
Жыл басынан бері 92-ден астам шетелдік компаниямен кездесулер ұйымдастырылып, Қытай Халық Республикасы, Иран және Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар жасалды. Нәтижесінде арнайы индустриалды және аймақтық аймақтарда жаңа өндірістік жобалар іске асырылмақ. Бұл жобалар өңір экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын құруға, экспорттық әлеуетті арттыруға және Түркістан облысын индустриялық дамудың көшбасшы өңіріне айналдыруға ықпал етеді.
Облыс әкімдігі алдағы уақытта да инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыру, жаңа технологияларды енгізу және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отыр. Шетелдік және отандық инвесторлармен ынтымақтастық арқылы өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру, жұмыс орындарын көбейту және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту басты міндет болып табылады.
Инвестициялар – өңір дамуының негізгі драйвері, жаңа жұмыс орындары – экономикалық тұрақтылық кепілі!
