Басты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Түркістан қаласында 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай салтанатты шара жоғары деңгейде аталып өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, өнер және мәдениет саласының үздіктері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Шара барысында сала мамандары мерекелерімен құттықталып, олардың елдің рухани-мәдени өміріндегі орны мен еңбегі жоғары бағаланды.

– Бүгін – өз ісінің майталмандары, жауапкершілікті арқалап келе жатқан жандарға алғыс айтатын айшықты күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына айрықша мәртебе беру мәселесін көтерді. Бұл ретте Түркістанның рухани, мәдени әлеуетін көтеруде, тың идеяларды жүзеге асыруда сіздерге артылар жүк ауыр. Қоғам сіздерден шалқар шабыт пен шығармашылық табыс күтеді. Облыс әкімінің мәдениет саласына деген ыстық ықыласы мен қолдауының арқасында өңірде ауқымды мәдени жобалар іске асуда. Бүгінде облыста 700-ге жуық мәдениет және өнер мекемесі түрлі шараларды жоғары деңгейде өткізіп келеді. Осы аптада Астана қаласында Түркістан облысының мәдениет күндері өтпек. Халықтың көңілінен шығып жүрген сіздерге зор алғысымды білдіремін, – деді Бейсенбай Тәжібаев.

Мерекелік шара барысында өңір мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан сала мамандарына «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар бірқатар мәдениет және өнер қызметкерлері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен, Түркістан облысы әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен, Түркістан облыстық мәслихаты мен «Amanat» партиясының облыстық филиалының марапатымен, Облыстық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы мен Облыстық мәдениет және туризм басқармасының Алғыс хатымен марапатталды. Шара барысында өнерпаздар ән мен күйден шашу шашып, қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай жыл басынан бері ауқымды жобалар іске асуда. Ел игілігіне бағытталған мәдени-рухани шаралардың қатарында «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясы аясында ұйымдастырылған «Бес жылдыққа – бес әдеби сапар» бар. Бұл жобада Тараз және Алматы қалаларында қаламгерлер бас қосты. Келесі руханият көші Астанада жалғасады. Сонымен қатар «Өнерлі өлке» өнер фестивалі аясында әр апта соңында Түркістан қаласында аудан-қалалардың мәдениет күндері өткізіліп, халыққа өнерлі бағдарламалар ұсынылуда.

Жыл бойына атқарылған бұл бастамалар өңірдің мәдени әлеуетін арттырып қана қоймай, жас ұрпақты өнерге баулу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және рухани білімді қалыптастыруға бағытталған. Түркістан облысы мәдениет пен өнер саласындағы тәжірибесімен елімізде көшбасшы өңірлердің біріне айналып отыр.

Мәдениет пен өнер – елдің рухын көтеретін басты күш!

Қатысты жаңалықтар

ЕЛІМІЗДЕ 769 МЫҢ АДАМ ТҰМАУҒА ҚАРСЫ ЕКПЕ АЛДЫ

bastynews

ШЫМКЕНТКЕ КЕЛГЕН ТУРИСТЕРДІҢ ҚАТАРЫ 13,1 ПАЙЫЗҒА АРТТЫ

bastynews

Төтенше жағдайлар министрі тағайындалды

Bastynews