Басты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ТҮРКІСТАНДА ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Бүгін, 5 мамыр күні Түркістан қаласында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай тыл ардагерлеріне арналған салтанатты шара өтті. Тағылымды басқосу Түркістан қалалық прокуратурасының ұйымдастыруымен жүзеге асып, ел тағдыры сынға түскен қиын жылдары тылда аянбай еңбек еткен ардагерлерге ерекше құрмет көрсетуге арналды.

Іс-шараға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, қалалық мәслихат төрағасы Сәрсенбаев Ғаппар, қала прокуроры Кәукен Нәрікбаев, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар мүшелері мен тыл ардагерлері қатысты. Жиын барысында соғыс жылдарындағы ел бірлігі, халықтың табандылығы мен тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі ерекше аталып өтті.

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 28 сәуірдегі Жарлығына сәйкес тыл ардагерлеріне «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалі салтанатты түрде табысталды. Сонымен қатар Түркістан қалалық мәслихатының атынан арнайы алғыс хаттар табыс етіліп, қала әкімдігі тарапынан естелік сыйлықтар ұсынылды. Бұл – ардагерлердің майдандағы және тылдағы жанқиярлық еңбегіне, бейбіт өмірдің қалыптасуына қосқан зор үлесіне көрсетілген шынайы құрметтің айғағы.

Салтанатты шара барысында сөз сөйлеген қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы тыл еңбеккерлерінің Жеңіске жетудегі рөлі айрықша екенін атап өтті. Оның айтуынша, соғыс жылдарындағы ауыр кезеңде тылда еңбек еткен азаматтардың табандылығы мен төзімділігі майдандағы жеңіспен тең. Олар күн-түн демей еңбек етіп, елдің азық-түлік, киім-кешек және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуіне өлшеусіз үлес қосты. Бұл ерлік пен еңбектің үлгісі бүгінгі ұрпақ үшін үлкен тағылым екені баса айтылды.

Іс-шара барысында ардагерлерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық тілектері айтылып, елге сіңірген еңбектері үшін алғыс білдірілді. Өз кезегінде тыл ардагерлері көрсетілген құрмет пен ілтипат үшін ұйымдастырушылар мен қала басшылығына ризашылықтарын білдіріп, елдің тыныштығы мен бірлігін тілеп, ақ баталарын берді.

Мұндай мазмұнды әрі тағылымды шаралар Жеңістің 80 жылдығын кең көлемде атап өту аясында өткізіліп жатқан іс-шаралардың бір бөлігі болып табылады. Олар өскелең ұрпаққа тарихи сананы қалыптастыруға, бейбітшіліктің қадірін түсіндіруге, аға буынға құрмет көрсету дәстүрін нығайтуға бағытталған. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы батырларымыздың ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбегі – ел жадында мәңгі сақталады.

Батырларымызға мың тағзым!

Қатысты жаңалықтар

ОЛИМПИАДА ЖҮЛДЕГЕРІ РЕФЕРЕНДУМДЕ ДАУЫС БЕРДІ

bastynews

Қазақстан үздік 50 елдің қатарына ене алмады

Bastynews

Болат Назарбаевтың қоры осымен үшінші мешітті пайдалануға берді (ВИДЕО)

Bastynews