Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Түркістан қаласында тыл ардагерлеріне арналған тағылымды әрі мазмұнды кездесу өтті. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Жеңіс күні қарсаңында тыл ардагерлері Елтай Бимаханбетұлы, Иреспек Хаджиддинов және Карима Нурмухамедованы арнайы құттықтап, олардың ел тарихындағы өлшеусіз еңбегіне құрмет көрсетті.
Салтанатты кездесу барысында қала әкімі ардагерлерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлы Жеңіс күніне орай жолдаған құттықтау хатын және «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін табыс етті. Сонымен қатар тыл еңбеккерлеріне көрсеткен жанқиярлық еңбегі мен Отанға деген адалдығы үшін алғыс білдіріп, арнайы сый-сияпаттар жасады.
Кездесу барысында Әзімбек Пазылбекұлы тыл ардагерлерінің бейбіт өмір мен болашақ ұрпақтың жарқын келешегі үшін аянбай еңбек еткенін атап өтті. Ол соғыс жылдарындағы ауыр кезеңде тылда еңбек еткен азаматтардың ерен еңбегі Жеңіске жетудің маңызды факторы болғанын айтып, олардың ерлігі мен төзімділігі ел жадында мәңгі сақталатынын жеткізді. Сондай-ақ қала басшысы ардагерлерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығын тілеп, ізгі лебізін білдірді.
Өз кезегінде тыл ардагерлері көрсетілген құрмет пен қамқорлық үшін қала басшылығына ризашылықтарын білдіріп, елдің тыныштығы мен бірлігін тілеп, ақ баталарын берді. Олар бейбіт өмірдің қадірін бағалап, жас ұрпақты елін, жерін сүюге, адал еңбек етуге шақырды.
Ресми деректерге сүйенсек, Ұлы Отан соғысы жылдары Түркістан қаласынан 20 мыңнан астам азамат майданға аттанған. Олардың 12 мыңнан астамы елге аман-есен оралып, соғыстан кейінгі жылдары елді қалпына келтіру ісіне белсене атсалысты. Жауынгерлік ерлігімен көзге түскен түркістандық 7 азаматқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Сонымен қатар мыңдаған тұрғын тылда тынымсыз еңбек етіп, майданды азық-түлікпен, киім-кешекпен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге зор үлес қосты.
Мұндай тағылымды кездесулер Жеңістің 80 жылдығын атап өту аясында өтіп жатқан іс-шаралардың бір бөлігі болып табылады. Олар аға буынға деген құрметті арттырып қана қоймай, жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастыруға, тарихи жадыны сақтауға және бейбіт өмірдің қадірін ұғындыруға бағытталған.
