Ақпарат

ТҮРКІСТАН: КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАУ, ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі штабтың кезекті отырысы өтті. Жиынға құқық қорғау органдары мен жауапты басқармалардың басшылық құрамы, сондай-ақ аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Отырыс барысында атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы жоспарлар талқыланды. Мәжілісті Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жүргізіп, жауаптыларға жұмысты ширату жөнінде нақты тапсырмалар берді.

– Балалардың құқық бұзушылығы бойынша орын алған әрбір келеңсіз жағдай аудан әкімдіктерінің тікелей бақылауында болуы тиіс. Бұл мәселеде тек тәртіптік шаралармен шектелмей, жан-жақты алдын алу шараларын жүргізу қажет. Әрбір баланың құқығын қорғау мен қауіпсіздігін сақтау – басты міндет. Сондықтан бұл бағытта жанашырлықпен әрі жүйелі жұмыс жүргізілуі қажет, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Мәжілісте облыстық білім басқармасының орынбасары Айгүл Қасымбекова баяндама жасап, аудан және қала әкімдіктерінің жанынан құрылған штаб отырыстарының жай-күйіне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда тек Сарыағаш пен Келес аудандарында штаб отырысы өткен. Қалған өңірлерден тиісті ақпараттың уақытылы жолданбауы нақты шешімдер қабылдауға кері әсерін тигізуде. Сол себепті, барлық аудан және қала әкімдіктері мен облыстық штаб мүшелерінің қатысуымен WhatsApp чаттары құрылып, орын алған жағдайларға жедел әрекет ету тетіктері жолға қойылған.

Сонымен қатар, Түркістан облысында білім беру ұйымдарындағы жалпы ахуалды жақсарту және оқушыларға жаңа тәрбие стратегияларын енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта 2024-2026 жылдарға арналған кәмелетке толмағандар арасында экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі Жол картасы әзірленіп, барлық аудан, қала әкімдіктеріне жолданды. Бүгінгі таңда облыстағы 1114 білім беру ұйымында алгоритмге сәйкес, қызығушылық танытатын кәмелетке толмағандар анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Жиында атап өтілгендей, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек мектеп пен отбасы деңгейінде ғана емес, барлық қоғам мүшелерінің қатысуын талап етеді. Осы орайда облыс аумағында «Қауіпсіз мектеп» жобасы енгізіліп, оқушылардың сабақтан тыс уақытта да қауіпсіздігін бақылау жүйесі жолға қойылды. Сонымен қатар, полиция департаментімен бірлесіп «Жедел әрекет ету» қызметі құрылған, бұл қызмет балалардың құқықтарын бұзған немесе қауіпке ұшыраған жағдайларды бірден тіркеп, тиісті шараларды қолдануға мүмкіндік береді.

Отырыста сонымен қатар психологиялық көмек көрсету мәселесі де талқыланды. Облыс мектептерінде психологтар мен әлеуметтік педагогтар саны арттырылып, кез келген қиын жағдайға тап болған балаға жедел психологиялық қолдау көрсетілетін орталықтар құрылуда. Алдағы уақытта психологиялық тренингтер, құқықтық сабақтар мен әлеуметтік бейімдеу бағдарламалары кеңінен енгізілетін болады.

Ертай Алтаев жиын соңында барлық жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты күшейту керектігін атап өтті. Сонымен қатар, ата-аналарды, мұғалімдерді және қоғамды кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен салауатты дамуына барынша жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Облыстық штаб алдағы уақытта да жүйелі мониторинг жүргізіп, балаларға қатысты құқық бұзушылықтарды алдын алу шараларын жетілдіріп отыруды жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар қоғамдағы балалардың құқығын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жан-жақты дамуын қолдау мақсатында тұрақты түрде жүргізілетін болады.

Қатысты жаңалықтар

САПАЛЫ ӨМІР ТЫНЫСЫ – ҚОЛЖЕТІМДІ ДӘРІ

Bastynews

«ОТБАСЫ. ТӘРБИЕ. ҚОҒАМ» ТАҚЫРЫБЫНДА АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

bastynews

🛑 ЗАҢ БӘРІНЕ ОРТАҚ!

bastynews