Түркістан қаласындағы Karavansaray Turkistan туристік кешенінде кәсіпкерлерге арналған бизнес-тур ұйымдастырылды. Іс-шараға өңір кәсіпкерлері, инвесторлар және сауда саласына қызығушылық танытқан қатысушылар жиналды.
Кешеннің Бас директоры Мурат Онан Karavansaray Turkistan-ның даму перспективалары жайлы айтып өтті. Ол кешеннің тек туристік бағытты ғана емес, сонымен қатар бизнес және коммерциялық серіктестіктерді дамытуға үлкен маңыз беретінін атап өтті.
Одан әрі сөз алған Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Аслан Ибадуллаев өңірдегі кәсіпкерлік экожүйенің қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
Ол өз сөзінде:
— «Karavansaray Turkistan — өңірдің бизнес әлеуетін арттыруда маңызды орталық. Мұнда кәсіпкерлер үшін жаңа дүкен ашуға, өнімдерін көрсетуге немесе қызметтерін жүзеге асыруға барлық жағдай жасалған. Біздің міндетіміз — бизнеске қолдау көрсету және олардың идеяларын жүзеге асыруға көмектесу», — деп атап өтті.
Шара барысында кешеннің инфрақұрылымына арналған бейне-материал көрсетіліп, туристік және коммерциялық әлеуеті жан-жақты таныстырылды. Қатысушыларға:
• жалға алу шарттары мен арнайы ұсыныстар,
• сауда нүктелерін орналастыруға арналған мүмкіндіктер,
• келушілер легі және тиімді локациялар,
• табысты жобалардың мысалдары
бойынша толық ақпарат берілді.
Бизнес-турдың маңызды бөлігінің бірі — бос орындарға инфо-тур болды. инфо-тур барысында қатысушылар Karavansaray Turkistan кешенінің аумағындағы сауда нүктелерін, бос коммерциялық орындарды және кеңсе ретінде пайдалануға болатын локацияларды аралады. Әр аймаққа жеке тоқталып, оның орналасу ерекшеліктері, келушілер ағыны, маңайындағы қызмет түрлері және бизнес жүргізуге қолайлы факторлар түсіндірілді. Кешен мамандары әр локацияның аудиториясына қарай қандай өнімдер мен қызмет түрлері тиімді болатынын, дүкенді орналастыру кезінде нені ескеру керектігін нақты мысалдармен айтып өтті.
Шара соңында кофе-брейк ұйымдастырылып, кәсіпкерлер сарапшылармен жеке консультациялар өткізіп, өз жобалары бойынша сұрақтарын қойып, әріптестік мүмкіндіктерін талқылады.
Karavansaray Turkistan бизнес-турына келушілер тегін қатысып, жылына 2,5 миллионнан астам турист қабылдайтын кешеннің мүмкіндіктерімен жақыннан танысуға мүмкіндік алды
