▪️Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Оңтүстік Корея мемлекетінен келген инвестор Со Вон Енмен кездесті. Кездесу барысында тараптар әріптестікті нығайту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ өңірге инвестиция тарту жолдарын талқылады. Облыс басшысы инвесторға Түркістан облысының экономикалық, өнеркәсіптік және туристік әлеуетін таныстырды.
📌– Өңірде инвестиция тартуға басымдық беріліп отыр. Инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалуда. Бүгінде облыста 20 индустриалды аймақ пен шағын өндірістік парктер бар. Арнайы экономикалық аймақтар да тиімді жұмыс істеп тұр. Біз Корея Республикасымен әріптестікті тереңдетуге дайынбыз. Түркістанда ІТ мамандарын даярлайтын «Woosong University Kazakhstan» жоғарғы оқу орны ашылды. Бұл оқу орны тек білім беру саласында ғана емес, инновациялық жобаларды іске асыру және стартаптарды дамыту үшін де маңызды. – деді Нұралхан Көшеров.
▪️Кездесу барысында екі тарап инфрақұрылымдық жобаларды, соның ішінде жол құрылысы, энергетика, су және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру жолдарын талқылады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы, туризм, өнеркәсіп, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары қаралды.
▪️Нұралхан Көшеров Түркістан облысының бизнес климатын сипаттап, инвесторларға қолжетімді жер учаскелері, салықтық жеңілдіктер, өндірістік инфрақұрылым мен әкімшілік қолдау жайлы толық ақпарат берді. Сонымен қатар өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған қолдау шаралары, индустриалды аймақтардағы дайын өндірістік ғимараттарды жалға беру және сатып алу мүмкіндіктері де таныстырылды.
▪️Айта кетейік, биылғы 10 айда облысқа 1 178,4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Жыл басынан бері 90-нан астам шетелдік компаниямен кездесулер өтті, сондай-ақ Қытай, Иран және Өзбекстанға ресми сапарлар ұйымдастырылды. 2025–2028 жылдар аралығында облыста 111 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
▪️Кездесу соңында екі тарап ынтымақтастық меморандумын әзірлеу және алдағы кезеңде нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған жұмыс тобы құру мәселесін қарастырды. Инвестор Со Вон Ен Түркістан облысының әлеуетін жоғары бағалап, өңірде өндіріс, білім беру және инновациялық технологиялар саласында жобаларды іске асыруға ниетін білдірді.
▪️Мұндай кездесулер өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, шетелдік капиталды тартуға және экономиканың әр саласын дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашуға бағытталған стратегиялық маңызды шара болып отыр.
