Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мәлім етті.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап, өңірлік даму стратегиясын нақты белгіледі. Жолдаудың басты идеясы – Қазақстан экономикасын инновация мен цифрлық технологияға негізделген жаңа бағытқа көшіру. Біріншіден, экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды: ел экономикасының басты саласы тек мұнай мен шикізат қана емес, жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия болуы тиіс. Түркістан облысында осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
– Өндірісті дамыту мақсатында өңірімізге сырттан келетін тауарларға талдау жүргіздік. Негізгі үлес құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі және тамақ өндірісіне тиесілі. Бұл тауарлардың импорты 98 млрд. теңгені құрайды. Осы тауарларды облыста шығару мүмкіндігі мол. Инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, оларға индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардан дайын алаңшаларды ұсындық. Нәтижесінде өңірде маңызды жобаларды іске асыруға мүмкіндік туды. Зауыттар мен өндіріс орындарының саны артып, жаңа жұмыс орындары пайда болуда, – деді Нұралхан Көшеров.
Қазіргі таңда Түркістан облысындағы 20 индустриалды аймақта жалпы құны 152 млрд. теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалар толық іске асырылғанда 6 361 жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінгі күнге дейін 39 млрд. теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды, 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Сонымен қатар, «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 млрд. теңге көлемінде 28 ірі жоба қолға алынған. Бұл жобалар жоғары технологиялық өндірістер, жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өндірісі және экспортқа бағытталған зауыттар салуға бағытталған. Арнайы экономикалық аймақ инвесторларға салықтық жеңілдіктер, инфрақұрылымдық қолдау және дайын өндірістік алаңдар ұсынып, өндірісті жылдам әрі тиімді іске қосуға мүмкіндік береді.
– Индустриалды аймақтардағы жобалардың іске асырылуы тек экономикалық көрсеткіштерді ғана жақсартып қоймай, өңірдегі тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруге, жастарға жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл жобалар Түркістанды республикалық және халықаралық деңгейде инвестициялық тартымды аймаққа айналдырады, – деді облыс әкімі.
Жалпы, Түркістан облысындағы индустриалды және арнайы экономикалық аймақтарда жүргізіліп жатқан жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға, инновациялық өндірістерді дамытуға және тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі болып отыр.
