Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің басты міндеті ретінде белгіленген. Осы міндеттер аясында Түркістан облысы 2025 жылдың 10 айында әлеуметтік-экономикалық дамуда оң динамика көрсетті.
Өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 1 256,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,4%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібі 593,2 млрд теңге, тау-кен саласы 574,6 млрд теңге өнім өндірді. Ауыл шаруашылығында өнім көлемі 1 086,9 млрд теңге болды, оның ішінде мал шаруашылығы 353,5 млрд теңге (106,8%), өсімдік шаруашылығы – 728 млрд теңге (99,3%).
Инвестиция көлемі 1 178,4 млрд теңгеге жетіп, өсім 24,2%-ды құрады. Сауда саласы 688,4 млрд теңге, құрылыс жұмыстары – 450,6 млрд теңге, ал тұрғын үй пайдалануға тапсырылған көлем – 931,1 мың шаршы метрге жетті. Көлік және қоймалау қызметі 445,2 млрд теңге, байланыс қызметі 9,8 млрд теңге деңгейінде жүзеге асты.
Цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу – облыстың басым бағыттарының бірі. Білім беру саласында барлық мектептер, балабақшалар, колледждер ақпараттық жүйелерге қосылған: EGOV, eGov mobile, E-license.kz, E-otinish.kz, Ұлттық білім беру деректер базасы, «Ұстаз» және Bilimland.kz платформалары мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға мүмкіндік берді. Мектептерде Bilimland.kz экожүйесі аясында электронды журнал жүйесі енгізіліп, оқушылардың үлгерімі мен қатысуын қадағалау жеңілдеді.
2025 жылғы жаңа оқу жылынан бастап барлық мектептерде ыстық тамақ қызметі «Әлеуметтік әмиян» және «Бизнес әмиян» арқылы жүзеге асырылады. Бұл жүйе ата-аналарға балалардың мектеп асханасына баруын бақылауға және жеңілдікпен тамақтануға мүмкіндік береді. Колледждер мен педагогтар үшін college.snation.kz, jumys.snation.kz, Enbek.kz, Hr.nobd.edu.kz сияқты платформалар қолданысқа енгізілген.
Сонымен қатар, Түркістан облысында пилоттық цифрлық жобалар тестіленіп, оқу жылында олардың тиімділігі бағаланып, толық енгізілуі жоспарлануда.
Осы көрсеткіштер Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамудағы тұрақтылығы мен цифрлық трансформацияны тиімді енгізуін айқындайды. Облыс тұрғындарының әл-ауқатының артуы, сапалы білім алу мүмкіндігі және инфрақұрылымның заманауи деңгейге жетуі – өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды факторлар болып отыр.
