Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ІШІМДІКСІЗ АУЫЛДАР САНЫ 70-КЕ ЖУЫҚТАҒАН

Түркістан облысында «Ішімдіксіз ауыл» бастамасы аясында алкоголь өнімдері сатылмайтын ауылдар саны жыл сайын артып келеді. Былтыр ішімдіксіз ауылдар саны 30-ға жеткен болатын. Солардың ішінде Ордабасы мен Мақтарал аудандарынан – 5 ауыл, Келес ауданында – 4, Сайрам ауданында – 3, Қазығұрт, Төлеби және Сауран аудандарында – әрқайсысында 2, ал Отырар, Жетісай және Арыс аудандарында бір-бір ауыл ішімдік сатудан бас тартқан.

Биыл ішімдіксіз ауылдар саны 66-ға жетіп, оның қатарына Түлкібас ауданындағы Еңбек ауылы да қосылды. 131 үйі және 1 мыңнан аса тұрғыны бар елді мекенде соңғы 3 жыл бойы алкоголь өнімдері мүлдем сатылмайды, ал соңғы 2 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Ауыл тұрғындары үшін отбасылық береке мен тыныштықты сақтау – басты ұстанымға айналған.

«Ішімдіксіз ауыл» жобасы аясында өңірде мектептерде, мешіттер мен мәдениет үйлерінде «Салауатты өмір – жарқын болашақ кепілі» атты ақпараттық және ағартушылық кездесулер тұрақты өткізіліп келеді. Бұл шаралар аясында дәрігерлер мен психологтар, мәдениет және дін саласының өкілдері жастарға алкогольдің зияны мен оның денсаулыққа, отбасылық өмірге, әлеуметтік қатынастарға тигізетін теріс әсерін жан-жақты түсіндіреді. Сонымен қатар, жастарға спорттық және шығармашылық іс-шараларға қатысу арқылы салауатты өмір салтын ұстануға ықпал жасалады.

Ауыл тұрғындары өздерінің мерекелік, салтанатты іс-шараларын ішімдіксіз өткізу дәстүрін қалыптастырып, қоғамға үлгі боларлық мәдени орта қалыптастырды. Бұл тәжірибе ауылдағы өзара сыйластықты нығайтып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті арттыруға, жас ұрпақты дұрыс құндылықтарға тәрбиелеуге ықпал етеді.

Облыстық денсаулық сақтау және ішкі саясат органдарының мәліметтері бойынша, ішімдіксіз ауылдар саны алдағы жылдары 70-ке жуықтап, өңірде салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жобалардың тұрақты үрдіске айналуы күтілуде. Бұл бастама тек алкоголь тұтынуды шектеу ғана емес, сонымен бірге жастар тәрбиесі, отбасы құндылықтарын сақтау, азаматтық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдағы үйлесімді өмір деңгейін арттыруға бағытталған кешенді әлеуметтік іс-шара болып табылады.

Сонымен қатар, облыс әкімдігі ішімдіксіз ауылдардың үлгісін кеңейту үшін тұрғындарды әлеуметтік қолдау, мәдени іс-шаралар ұйымдастыру және денсаулық сақтау саласында профилактикалық жұмыстар жүргізу, сондай-ақ жастардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған жобаларды дамыту бойынша жүйелі жұмыстар атқаруда.

Мұның барлығы Түркістан облысын салауатты өмір салтын ұстанатын, отбасы мен қоғам бірлігін нығайтып, тұрақты даму жолында ілгерілемелі өңірге айналдыру мақсатында жасалып отырған маңызды әлеуметтік бастамалар қатарында.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТТІК СТУДЕНТ ФРАНЦИЯДА ӨТКЕН WORLDSKILLS ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНҒА ИЕ БОЛДЫ

bastynews

ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТ ПЕН ТӨЛЕБИ АУДАНДАРЫН ЖАЛҒАЙТЫН ЖОЛ БИЫЛ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Bastynews

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 3 МЛН. ТОННАДАН АСТАМ КҮЗГІ ӨНІМ ЖИНАЛАДЫ

Bastynews