Басты жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КІТАП КӨРМЕ-ЖӘРМЕҢКЕСІ ҚАЛАМГЕРЛЕР МЕН ОҚЫРМАНДАРДЫ ЖАҚЫНДАТТЫ

Түркістан төрінде алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі «Turkistan Book Fair» өз жұмысын сәтті жалғастыруда. Бұл мәдени шараға алыс-жақын шетелдер мен еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ге жуық баспа ұйымы қатысып, кітапсүйер қауымды бір алаңға жинады. Көрмеге Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Саха Республикасы (Якутия), Ресей және Моңғолиядан келген баспалар өздерінің соңғы басылымдарын таныстырды, сондай-ақ отандық жетекші баспалар да оқырмандарға таңдаулы өнімдерін ұсынды. Атап айтқанда, «Атамұра», «Алматыкітап баспасы», «Қасым» баспа үйі, «Мазмұндама» және «Меломан» сияқты танымал баспалар өз кітаптарын көрмеге алып келді.

Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен және «Фолиант» баспасы мен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен өткен шараға келген келушілердің қарасы ерекше көп болды. Көрме алаңында ақ шатырларға орналастырылған кітаптар әртүрлі жанр мен тақырыпқа арналған, тарихтан поэзияға, ғылыми әдебиеттен балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармаларға дейін қамтыды. Келушілерге кітаптар тек баспа бағасымен сатылып қана қоймай, кейбір басылымдар тегін сыйға тартылды.

Көрме барысында балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға баулу, отбасымен бірге кітап оқуды насихаттау, оқырман талғамын қалыптастыру мақсатында бірқатар шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, қырғыз жазушысы Сұлтан Раевтың «Жанжаза» романының, Несіпбек Айтұлының «Ләйлі-Мәжін» дастанының, Ұларбек Дәлейұлының «Бату хан» тарихи-деректі романының және «Саха поэзиясының антологиясы» сияқты кітаптардың тұсауы кесілді. Сонымен қатар, Мұхтар Әуезов күнделіктері таныстырылып, оқырмандарға шығармашылық зерттеулер мен әдеби талдау мүмкіндігі берілді. Көрмеге келген оқырмандар белгілі ақын, жазушы, айтыскер Баянғали Әлімжанов және жазушы, ақын Ұларбек Дәлейұлы сияқты авторлармен шығармашылық кездесуге қатысып, олардың еңбектері мен тәжірибесімен танысты. Осы кездесулер барысында Баянғали Әлімжанов балаларға арналған 100-ден астам кітапты мектептер мен кітапханаларға сыйға тартты, бұл өз кезегінде жас оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттырды.

Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі ересектер мен балаларға бірдей қызықты үш күндік мәдени-іскерлік бағдарламамен өткізілуде. Балалар алаңында арнайы шеберлік сағаттары, кітап оқу сеанстары, әдеби ойындар, авторлармен кездесулер және шығармашылық сабақтар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, көрме алаңында подкаст форматында Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» шығармасы талқыланды. Оны «КітапХан» жобасының негізін қалаушы Хамит Ердехан таныстырып, қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, шығарманың мәні мен мазмұнын тереңінен талдады.

Көрмеде сонымен қатар заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдер кеңінен пайдаланылды. QR код арқылы кітаптарға электронды түрде қол жеткізу, онлайн шолу жасау, кітап авторларымен қашықтықтан сұхбат ұйымдастыру секілді инновациялық тәсілдер қолданылды. Бұл шара халықаралық деңгейде ақпарат алмасуға мүмкіндік беріп қана қоймай, Түркістан қаласының мәдени әлеуетін арттырып, қаламгерлер мен оқырмандар арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.

Қатысты жаңалықтар

Назарбаевтың смайлигін салған дизайнер кісі қолынан қаза тапты

Bastynews

МЕГАПОЛИСТЕГІ ҮМІТ ПЕН МҮМКІНДІК: ШЫМКЕНТТЕГІ ҚИЫНДЫҚТЫ ЖЕҢГЕН БАЛАЛАР – ТОЛЫҚТАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ ИЕГЕРЛЕРІ АТАНДЫ

bastynews

Қазақстандықтар 2021 жылы қанша күн демалады?

Bastynews