Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Карагойшинмен кездесті. Кездесу барысында өңірде холдинг арқылы қаржыландырылып жатқан жобалардың ағымдағы жағдайы, жаңа әріптестікті нығайту жолдары және болашақтағы стратегиялық жоспарлар талқыланды.
Облыс басшысы өз сөзінде «Бәйтерек» холдингінің өңір экономикасына қосқан үлесін жоғары бағалап, алғысын білдірді:
«Облыста бірқатар ірі жобалар холдинг және оның еншілес қаржы институттары арқылы қаржыландырылуда. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығын қолдау және инвестиция тарту бойынша нақты тапсырмалар берді. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, өңірді дамытуды тұрақты жүргіземіз».
Холдинг басшысы Рустам Карагойшин Түркістан өңірінің маңыздылығына тоқталып, адами капитал мен тұрғындардың еңбекқорлығын жоғары бағалады. Ол «Бәйтерек» холдингі өңірді дамытуға барынша үлес қосатынын, жобаларды сапалы әрі уақытылы іске асыруға назар аударатынын жеткізді.
Кездесу барысында құрылыс, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіпке жауапты басқарма басшылары өзекті мәселелерді көтеріп, тиісті қолдау сұрады. Атап айтқанда, «Кең дала» бағдарламасы бойынша шаруаларды ертерек қаржыландыру, өңірдегі өндіріс орындарына инвестициялық жобаларды қолдау, мақта шаруашылығын несиелендіру көлемін ұлғайту, тұрғын үймен қамтамасыз ету және инфрақұрылымдық жобаларды жеделдету мәселелері қаралды.
Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібі мен энергетика саласында 12 инвестициялық жоба үшін жеңілдетілген қаржыландыру пулы жасақталған. Оның ішінде 5 жобаның құжаты мақұлданып, іске қосуға дайын тұр, ал қалған 7 жобаның өтінімдері холдингтің еншілес қаржы институттарында қаралу үстінде. Бұл шаралар облыстың экономикалық дамуын жеделдетіп, инвестициялық климатты нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және аймақтық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Кездесудің қорытындысында тараптар жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру, бақылауды күшейту және жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді зерттеу туралы нақты тапсырмалар қабылдады. Бұл ынтымақтастық Түркістан облысында әлеуметтік және экономикалық даму көрсеткіштерін арттыруға, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға қосымша серпін береді.
