Түркістан облысы 2025 жылы туризм саласында айтарлықтай серпінге ие болып отыр. II тоқсан қорытындысы бойынша орналастыру орындарында демалғандар саны 151 мың адамға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға өскен. Бұл көрсеткіш туризм секторында сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі 3,98 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 27%-ға ұлғайған.
Сонымен қатар, осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша табиғи аумақтарға 142,7 мың адам, ал тарихи орындарға 911,2 мың адам барған. Бұл деректер өңірдің туристік әлеуетінің жоғары екенін, әсіресе тарихи-мәдени нысандар мен табиғи ресурстарға қызығушылықтың артқанын көрсетеді.
Туризм саласының дамуына айтарлықтай үлес қосатын маңызды көрсеткіштердің бірі – инвестициялық қолдау. 2025 жылдың 9 ай қорытындысымен туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 57,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 27%-ға өскен. Бұл салаға мемлекет пен жеке инвесторлардың белсенді араласуының айқын көрінісі.
Туристік әлеуетті арттыру мақсатында Түркістан облысы шетелдік нарыққа да белсенді түрде шығып отыр. Жыл басынан бері Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Түркия, Италия және Қытай елдерінің 113 туркомпаниясына ақпараттық тур ұйымдастырылды. Сонымен қатар, өңірдің туристік әлеуеті халықаралық медиа платформаларға таныстырылды: Түркияның «Albayrak Media Group», «TGRT», «TRT» телеарналары, Белгияның «Porschist magazine», Ұлыбританияның «Travel Weekly», «The Telegraph», «The Times», «Regent Holidays», сондай-ақ «EuroNews» интернет порталы. Бұл шаралар шетелдік туристер ағынын арттыруға, Түркістанның туристік бренді ретінде танылуына ықпал етеді.
Туризм саласын дамытудың жаңа бастамалары да қарастырылуда. Атап айтқанда:
- тарихи-мәдени мұра нысандарын қалпына келтіру кезінде ЮНЕСКО талаптарын сақтау, жаңа декорациялық тәсілдерді енгізу;
- тарихи тұлғаларға арналған мұражайларда заманауи экспозициялық және мультимедиялық технологияларды қолдану;
- бейне инсталляциялар мен виртуалды көрмелер ұйымдастыру арқылы туристік тәжірибені байыту;
- ортақ турөнімдер жасап, қонақ үй, гид-экскурсовод және мейрамхана саласы мамандарын даярлау;
- халықаралық туризм академиялары мен ұйымдарымен тәжірибе алмасу.
Жалпы, Түркістан облысы туризм саласында экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылыққа үлес қосып, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда. Бұл бастамалар жаңа жұмыс орындарын құрып, жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға мүмкіндік береді.
