Түркістан облысында тарихи-мәдени бағыттағы туристік жобалардың әлеуеті жандана түсуде. Бұл тақырып облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте егжей-тегжейлі талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары туризм саласын дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелеуді, жауапты құрылымдардың жобаларды нақты кестеге сай жүзеге асыруын қатаң қадағалауды тапсырды.
«Туристік әлеуетті дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелеңіздер. Өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштер мен орындардың әлеуетін толық пайдаланған жөн. Түрлі креативті жобалар, халықаралық деңгейдегі мәдени және спорттық шараларды ұйымдастыруды назарға алыңыздар. Бұл – нақты тапсырма. Жақында Түркістанда халықаралық талапқа сай атшабар ашылады. Бұл – үлкен мүмкіндік», – деді Ертай Кенжебекұлы.
Облыс туризмінде оң динамика байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда туристер саны 830,1 мың адамға жетіп, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (733,2 мың адам) 13,2%-ға артты. Бұл көрсеткіш тарихи-мәдени мұраға қызығушылықтың артқанын және туристік инфрақұрылымның дамып жатқанын көрсетеді.
Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай, ашық аспан астындағы өзіндік мұражай ретінде танылған. Облыс аумағында:
- 1 700-ден астам тарих және мәдениет ескерткіші бар;
- 251 орналастыру орны (қонақ үйлер, хостелдер, демалыс аймақтары, балалар лагерлері) қызмет көрсетеді;
- 117 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді.
▪️Мәжіліс барысында Ертай Кенжебекұлы жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді:
- Туристік бағыттарды жаңғыртып, мәдени, тарихи және экологиялық маршруттарды кеңейту;
- Халықаралық стандарттарға сай туристік инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасын арттыру;
- Жаңа жобалар мен іс-шаралар арқылы туристер ағынын 2025 жылы 1 миллионға жеткізу;
- Туризм саласында жергілікті тұрғындарды тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу;
- Заманауи цифрлық технологияларды енгізу арқылы туристік ақпараттық платформаларды дамыту.
▪️Сонымен қатар, облыста халықаралық деңгейдегі фестивальдер, спорттық турнирлер және мәдени шараларды ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл өз кезегінде туристік өнімнің әртараптануына, өңірдің имиджін көтеруге және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
▪️Жалпы алғанда, Түркістан облысының тарихи-мәдени туристік әлеуетін дамыту – бұл тек мәдени құндылықтарды сақтау мен насихаттау ғана емес, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін стратегиялық бағыт.
