Созақ ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында күзгі тал егу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Бұл шараның негізгі мақсаты – аудан аумағын көгалдандыру, жасыл желекті кеңейту, экологиялық ахуалды жақсарту және тұрғындар үшін жайлы әрі таза орта қалыптастыру.
Бүгінгі таңда аудан бойынша 15 мыңнан астам тал көшеті егілген. Көшеттер негізінен әлеуметтік нысандардың, мектептер мен балабақшалардың ауласында, саябақтар мен көшелер бойында, сондай-ақ елді мекендердің көрікті орындары мен демалыс аймақтарына отырғызылды. Егіс жұмыстарына ауылдық округтердің жауапты мамандары, жергілікті тұрғындар, жастар мен еріктілер жұмылдырылған. Отырғызылған көшеттер арасында қара терек, қара ағаш, шаған, өрік және сәлдір ағаш түрлері бар.
Жерсінуін қамтамасыз ету мақсатында көшеттер арнайы суару жүйелерімен жабдықталған. Суару жұмыстары сорғы құрылғылары арқылы тұрақты жүргізіліп, ағаштардың өсіп-өркендеуі қадағалануда. Аудан әкімдігі биылғы күзгі маусымда барлығы 22 500 түп тал көшетін отырғызуды жоспарлап отыр. Көшет егу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, әр ауылдық округте арнайы жауапты мамандар бақылау жүргізеді.
Аудан әкімінің айтуынша, табиғатты қорғау шаралары тұрақты түрде жалғасып, егілген ағаштардың күтімі қамтамасыз етіледі. Болашақта жасыл желекті кеңейту бойынша қосымша жобалар іске асырылып, жаңа саябақтар мен демалыс аймақтары құрылмақ. Сонымен қатар, көшеттер егілген жерлерді абаттандыру жұмыстары да жоспарланған, ол тұрғындар үшін демалыс орындарын көбейтумен қатар, ауданның көркі мен табиғи ресурстарын сақтау бағытында маңызды рөл атқарады.
Экологиялық шараларға жергілікті мектеп оқушылары мен жастар белсенді қатысып, оларды табиғатты қорғау, ағаш егу және қоршаған ортаны сақтау мәдениетіне үйрету жұмыстары жүргізілуде. Бұл іс-шаралар тұрғындар арасында экологиялық сананы арттыруға, жасыл желекті қорғауға және болашақ ұрпаққа таза орта қалдыруға бағытталған.
Осы игі бастама тұрғындар мен әкімдік тарапынан жоғары бағаланып отыр. Экологтар мен мамандардың айтуынша, егілген тал көшеттері алдағы бірнеше жылда толыққанды өсіп, ауданның жасыл белдеуін қалыптастырады, ауа сапасын жақсартып, микроклиматқа оң әсерін тигізеді. Аудан әкімдігі алдағы жылдары экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін әрбір елді мекенде көшет егу жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып, жасыл желекті қорғау жобаларын кеңейтуге ниетті.
