Түркістан облысында туризм саласы тұрақты өсім көрсетуде. 2025 жылдың II тоқсанының қорытындысы бойынша орналастыру орындарында демалғандар саны 151 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7%-ға өсті. Орналастыру қызметінен түскен жалпы кіріс 3,98 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың көрсеткішінен 27%-ға артық болды.
▪️ Сондай-ақ, 2025 жылдың 10 ай қорытындысы бойынша өңірдің табиғи аумақтарына 142,7 мың адам саяхаттаса, тарихи және мәдени орындарға 911,2 мың адам барған. Бұл көрсеткіштер туристік әлеуеттің артып келе жатқанын айқын көрсетеді.
▪️ Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров апта сайынғы аппараттық мәжілісте туристер ағынын арттыру, жаңа жобалар мен бастамаларды іске асыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, Өзбекстанға ресми сапар барысында алынған тәжірибелерді қолдану және жаңа идеяларды енгізу қажеттігін атап өтті.
▪️ Облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің мәліметінше, 2025 жылдың 9 ай қорытындысы бойынша туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 57,9 млрд. теңгені құрады. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 27%-ға өскен.
▪️ Биыл ішкі туристер санын 350 мың адамға, шетелдік келушілер санын 18 мың адамға жеткізу межеленген. Қазіргі таңда ішкі туристер саны 273,7 мың адамды, ал шетелдік туристер саны 19,1 мың адамды құрап отыр. E-qonaq жүйесіне сәйкес, осы жылдың 10 айында өңірге 43 802 шетелдік турист келген. Шетелдік туристердің ТОП-10 елдері: Өзбекстан, Түркия, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Германия, Франция, Тәжікстан, Италия және Үндістан.
▪️ Туризм әлеуетін таныстыру мақсатында жыл басынан бері Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Түркия, Италия, Қытай елдерінің 113 жетекші туркомпаниясына ақпараттық турлар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Түркияның «Albayrak Media Group», «TGRT», «TRT» телеарналарына, Белгияның «Porschist magazine» журналына, Ұлыбританияның «Travel Weekly», «The Telegraph», «The Week», «The Times», «Regent Holidays» және «EuroNews» интернет порталына өңірдің туристік әлеуеті таныстырылды.
▪️ Бұған қоса, цифрлық туризмді дамыту мақсатында мобильді қосымшалар, QR-кодтар және онлайн гид жүйелерін енгізу жоспарланған. Бұл шаралар туристерге ыңғайлы ақпарат беру, маршруттарды жеңілдету және туристік ағынды арттыруға бағытталған.
▪️ Түркістан облысының туристік инфрақұрылымы алдағы уақытта да кеңейіп, жаңа қонақ үйлер, хостелдер, заманауи ақпараттық орталықтар мен тарихи-мәдени бағыттағы жаңа туристік өнімдер іске қосылатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірдің экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықаралық деңгейде танымал болуға үлес қосады.
