Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен облыстық жол саласындағы кезекті штаб отырысы өтті. Күн тәртібінде 2025 жылы іске асырылып жатқан жол нысандары бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысы сараланып, анықталған кемшіліктерді жою мәселесі талқыланды. Отырыста облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен аудан, қала әкімдіктерінің тапсырысымен жүргізілген жұмыстар жан-жақты қаралды.
▪️ Облыс әкімінің бірінші орынбасары жауапты тұлғаларға жолдардың сапасына аса мән беруді ескертіп, нақты міндеттер жүктеді:
– Қайта құру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде орындауды қатаң бақылауға алыңыздар. Мердігер ұйымдардың жұмысын жүйелі түрде мониторинг жүргізіп, кемшіліктер анықталған жағдайда дереу шара қолдану қажет. Барлық тапсырмалар уақытында және толық көлемде орындалуы тиіс. Жауапкершілік тікелей сіздерде, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
▪️ Жиында Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Меиржан Джалаиров атқарылып жатқан жол жөндеу жұмыстарының сапасы мен жүріп жатқан жобалар туралы толық баяндама жасады. Сонымен қатар, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Қайрат Шакиров жол нысандарын бақылау нәтижелерін ұсынды.
▪️ «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК филиалы қала мен аудандардағы жол нысандарына мониторинг жүргізіп, жыл басынан бері облыстық және аудандық маңызы бар автожолдар мен көше желілерінен бірқатар кемшіліктер анықтады. Қазіргі таңда оларды жоюға бағытталған қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жол құрылыс материалдарынан 1 284 сынама алынған, тиісті тексерулер және зерттеулер жүргізілуде.
▪️ Сондай-ақ, жыл басынан бері облыстағы 29 асфальтбетон зауыты мониторингке алынған, оның ішінде 5 завод жұмысын уақытша тоқтатқан. Мониторинг нәтижесінде өндірілетін асфальтбетонның сапасы, құрамы және жол құрылысына сәйкестігі тексерілді.
▪️ «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Түркістан облыстық филиалының директорының орынбасары Қуатбек Нұрбаев облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдарды жөндеу және күтіп ұстау туралы ақпарат берді. Биыл жалпы ұзындығы 678 шақырымды құрайтын республикалық жол желісінде 11 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған 2 күрделі және 9 орташа жөндеу жұмыстары кіреді, жалпы жөнделетін жол ұзындығы – 212,9 шақырым. Жобалар сапалы әрі уақытылы орындалуы үшін барлық мердігерлік ұйымдарға бақылау күшейтілуде.
▪️ Штаб отырысында сонымен қатар аудандық және қалалық жол басқармаларына жол үстіндегі қауіпсіздік белгілерін жаңарту, жол бойындағы арықтар мен қоқыс қалдықтарын тазалау, жол шеттерін абаттандыру сияқты қосымша шараларды орындау тапсырылды. Бұл іс-шаралар жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру, апаттық жағдайлардың алдын алу және тұрғындар үшін жайлы жол инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған.
