Ақпарат

TASHENEV UNIVERSITY ЭНДАУМЕНТ МӘДЕНИЕТІН ДАМЫТУДА: ТҰРАҚТЫ ДАМУ МЕН ИНВЕСТИЦИЯЛАР

Еуразия ұлттық университетінде (ЕҰУ) «Эндаументтер және тұрақты даму: болашаққа инвестициялар» атты V Халықаралық форум өтті. Бұл маңызды шараға Tashenev University атынан вице-ректор Жанар Рысбекова мен аппарат басшысы Камилла Сүгірбекова қатысты. Форумның басты тақырыбы – университеттердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудің және білім мен ғылымды дамыту үшін ұзақ мерзімді инвестицияларды ұйымдастырудың тиімді жолдары.

Эндаумент дегеніміз не? Бұл – университеттердің мақсатты капиталы, яғни қайырымдылық және демеушілік қаражаттардан жиналған қаржы қоры. Бұл қордың негізгі сомасы жұмсалмайды, ол тұрақты түрде инвестицияланады, ал инвестициядан түсетін табыс университеттің маңызды салаларына – студенттерді қолдауға, ғылыми зерттеулерге, әлеуметтік жобаларға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталады. Осылайша, эндаумент университеттің болашақта қаржылық тәуелсіздігін және даму тұрақтылығын қамтамасыз ететін сенімді құрал болып табылады.

Қазақстанда эндаумент мәдениетін дамытуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру және адами капиталға инвестиция салу мәселелеріне ерекше назар аударған. Бұл бағытта жасалып жатқан шаралар университеттердің ұзақ мерзімді даму стратегияларын жүзеге асыруға, сонымен қатар бизнес пен қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Tashenev University өз тарапынан эндаументтерді дамыту мен басқаруда отандық және халықаралық үздік тәжірибелерді қолданып келеді. Вице-ректор Жанар Рысбекова атап өткендей, «эндаумент – студенттерді, ғылыми жобаларды және инфрақұрылымды қолдаудың сенімді және тұрақты тетігі. Біз осындай халықаралық форумдарға қатысу арқылы тәжірибе алмасып, Қазақстандағы қайырымдылық мәдениетін дамытуға өз үлесімізді қосамыз».

Бұл форум Tashenev University үшін стратегиялық маңызы бар іс-шара болды. Себебі, онда университеттердің қаржылық тұрақтылығын арттыруға бағытталған инновациялық тәсілдер мен трендтер талқыланып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік туды. Мұндай кездесулер университеттің білім және ғылым саласында алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруға ықпал етеді.

Эндаумент жүйесі арқылы университеттер өздерінің қаржылық қорларын тиімді басқара отырып, білім беру сапасын арттыруға, зерттеу жұмыстарын дамытуға және инфрақұрылымды жаңғыртуға қажетті тұрақты ресурсқа ие болады. Бұл білім және ғылым саласындағы үздік жетістіктерге қол жеткізуге, студенттер мен оқытушылардың әлеуетін толық ашуға жол ашады.

Сонымен қатар, эндаумент мәдениетін дамыту университеттердің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтеді. Қайырымдылық пен демеушіліктің жаңа мәдениеті қоғамның түрлі салаларындағы меценаттық дәстүрлерін жаңғыртып, жастардың білімге, ғылымға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Tashenev University-дің V Халықаралық эндаумент форумына қатысуы – оның білім мен ғылым саласындағы көшбасшылық ұстанымын көрсетеді. Университет заманауи технологиялар мен инновациялық басқару тәсілдерін енгізу арқылы студенттер мен зерттеушілерге қолайлы жағдай жасап, білім беру сапасын жақсартуға ұмтылады.

Қатысты жаңалықтар

БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДА ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

bastynews

Бүгін Отырар ауданында аудандық және қалалық ардагерлер ұйымдарының қызметін талдау, алдағы даму жоспарларын нақтылау және «Ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс» тақырыбында кездесу өтті.

bastynews

АЭС салудағы ең маңызды мәселе – еліміздің энергетикалық әлеуетін қамтамасыз ету

bastynews