Шымкент қаласында алғаш рет еліміздің 16 аймағынан келген 40-қа жуық мұғалімді біріктірген «Ustaz Cup» ұлттық пікірсайыс турнирі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, еліміздің педагогикалық қауымдастығында кеңінен қолдау тапты. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде өткен бұл іс-шара білім беру жүйесіндегі кәсіби даму мен интеллектуалды мәдениетті насихаттауда маңызды қадам болып табылады.
Пікірсайыс турнирі – мұғалімдердің коммуникативтік дағдыларын, критикалық ойлау қабілетін және шешендік өнерін шыңдайтын білім беру технологияларының бірі ретінде мойындалған. «Ұстаздық еткен жалықпас» тақырыбымен ұйымдастырылған доданы «Ozgerteam» қоғамдық қоры мен ҚР Оқу-ағарту министрлігі Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы бірлесіп, университеттің қолдауымен өткізді. Турнирге Қазақстанның әр өңірінен 16 фракция қатысып, олардың құрамында пікірсайыс қозғалысын мектептерінде дамытып жүрген директорлар да бар екені білім беру саласындағы көшбасшылықтың кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Шымкент қаласының білім беру саласындағы жетекші жоғары оқу орнының Басқарма төрағасы-ректоры м.у.а Ернар Иманғалиев турнирдің маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол пікірсайыс алаңы тек бәсекелестік емес, сонымен қатар ұстаздар арасында үздік педагогикалық тәжірибе алмасу, жаңа идеялар мен инновациялық әдістерді талқылау орталығы екенін атап өтті. Ректордың айтуынша, университет жанынан жұмыс істейтін «Ақиқат» пікірсайыс клубы 23 жыл бойы 100-ден астам республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастырып, жастардың интеллектуалды қабілеттерін дамытуға зор үлес қосып келеді.
«Ozgerteam» қоғамдық қорының құрылтайшысы және пікірсайыс технологиялары бойынша сарапшы Мұрат Жуманбай пікірсайыстың білім беру контекстіндегі маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол пікірсайыс технологиялары – қосымша білім беру, тұлғаның жан-жақты дамуы және азаматтық қоғамның қалыптасуы үшін маңызды педагогикалық құрал екенін, сондай-ақ мұғалімдердің кәсіби өсуіне және мектеп ішіндегі пікірсайыс қозғалысын кеңейтуге бағытталғанын жеткізді.
Турнир екі күнге созылып, қатысушылар арасында APF және PDF форматтары бойынша сынға түсті. Жарыстың қорытындысы бойынша, І орынды алған «Байтұрсынұлы» фракциясы 500 000 теңге қаржылай сертификатқа ие болды. Сондай-ақ, «Шың», «Маша и медведь» және «Бәйдібек» сияқты фракциялар да жүлделі орындарға қол жеткізді. Үздік спикерлер мен төрешілер де арнайы марапатталды, бұл педагогикалық жетістіктерді ынталандыру мен мойындаудың көрінісі болды.
Бұл ұлттық пікірсайыс турнирі – Шымкентте алғаш ұйымдастырылып отырған ірі білім беру шарасы ретінде ұстаздар қауымына кәсіби жетістіктер мен жаңа серпін сыйлады. Ұйымдастырушылар алдағы жылдары «Ustaz Cup»-ты республиканың әр түрлі аймақтарында дәстүрлі түрде өткізу жоспарын жариялады. Бұл оқиға – білім беру жүйесіндегі инновациялық әдістерді енгізу және педагогтардың кәсіби әлеуетін көтеру бағытындағы маңызды бастама.
Пікірсайыс мәдениетін дамыту арқылы ұстаздар өздерінің коммуникация, аналитикалық ойлау және көшбасшылық қабілеттерін жетілдіріп, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде жаңа деңгейге көтерілуде. «Ustaz Cup» ұлттық турнирі – педагогикалық қоғамдастықтың бірлігі мен білім саласындағы үздік тәжірибелерді кеңінен таратуға арналған интеллектуалды алаңға айналып отыр.
