Бүгінгі таңда білім беру жүйесіндегі жаһандық өзгерістер мен цифрлық трансформация жағдайында педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, шығармашылық әлеуетін дамыту, жаңа идеяларды іздестіру және оларды практикаға енгізу – негізгі басымдықтардың біріне айналып отыр. Осы мақсатта Шымкент қаласындағы М.Мәметова атындағы №35 жалпы орта білім беретін мектеп базасында мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне арналған «Идеялар ойыны: Инновацияға апарар жол» атты семинар-кеңес өткізілді.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – педагогтердің креативті ойлау қабілетін дамыту, тың идеяларды іздеуге ынталандыру және оларды білім мен ғылым саласындағы инновациялық жобалар жасауға бағыттау. Бұл бастама қазіргі білім беру мазмұнын жаңғырту, тиімді әдіс-тәсілдерді енгізу, сонымен қатар педагогтерді ғылыми-әдістемелік ізденіске тарту бағытындағы маңызды қадам болып саналады.
Семинарға қаладағы мектепке дейінгі ұйымдардан 130-ға жуық педагог қатысты. Қатысушылар тәжірибе алмасып, өздерінің практикасында қолданатын инновациялық тәсілдер мен әдістемелік идеяларымен бөлісті. Іс-шара барысында педагогтерге білім беру саласындағы жаһандық трендтер, атап айтқанда, білімдегі цифрлық ресурстарды пайдалану, ғылыми тұрғыдан негізделген әдістемелер, баланың тұлғалық дамуына бағытталған оқыту технологиялары таныстырылды.
Семинар аясында ұйымдастырылған идея генерациялау сессиялары мен пікірталас алаңдарында педагогтер өз ой-пікірлерін ортаға салып, жаңа жобалардың тұжырымдамасын ұсынды. Олардың қатарында мектепке дейінгі ұйымдарға бейімделген цифрлық құралдар, баланың танымдық қабілетін арттыратын авторлық бағдарламалар, сондай-ақ ерте жастағы балалармен жұмыс істеуге бағытталған шығармашылық әдістер бар.
Семинарда қаралған мәселелердің бірі – ғылым мен білімді ықпалдастыра отырып, тәрбие мен оқытудың мазмұнын байыту. Педагогтердің назарында ғылыми дәлелденген тәсілдерді тәжірибеге енгізу, бала дамуының түрлі аспектілерін ескере отырып, дербестендірілген оқыту ортасын қалыптастыру мәселелері тұрды. Бұл өз кезегінде мектепке дейінгі білім беру сапасын арттырып, баланың жан-жақты дамуына оң әсер етеді.
Іс-шара соңында қатысушылардың белсенділігі мен шығармашылық ұсыныстары жоғары бағаланды. Семинар педагогтерге шабыт беріп қана қоймай, кәсіби дамуға, әдістемелік ізденістерге, ғылым мен білім арасындағы байланысты терең түсінуге жол ашты.
Мұндай форматтағы семинарлар педагогтердің ғылыми көзқарасын қалыптастыруға, тәжірибеге негізделген шешімдер қабылдауына және заманауи білім беру талаптарына сай икемделуіне ықпал етеді. Сонымен қатар бұл кездесулер педагогтер арасында кәсіби байланыстар орнатуға, идеялар мен тәжірибелер алмасуға тиімді орта болып отыр.
Жалпы, «Идеялар ойыны: Инновацияға апарар жол» семинары білім мен ғылымды бір арнада тоғыстыра отырып, мектепке дейінгі тәрбиешілердің кәсіби дамуына тың серпін берді. Алдағы уақытта осындай мазмұнды іс-шаралар дәстүрлі түрде жалғасын тауып, білім беру саласындағы жаңашылдықтың өзегіне айналары сөзсіз.
