Ақпарат

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ КЕҢІСТІГІНДЕГІ ПЕДАГОГ-АССИСТЕНТТІҢ РӨЛІ: КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІКТІ АРТТЫРУ КУРСЫНЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ

Қазақстан Республикасы Білім беру жүйесінің маңызды стратегиялық бағыттарының бірі – инклюзивті білім беруді дамыту. Осыған орай, «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институты базасында жалпы білім беретін мектептерде ерекше білім беруді қажет ететін (ЕБҚ) балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу мәселесіне арналған курс ұйымдастырылды. Курс педагог-ассистенттердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, білім беру процесінде қолдауды тиімді ұйымдастыруға бағытталды.

Курстың негізгі мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін педагог-ассистенттердің теориялық білімін тереңдету және практикалық машықтарын жетілдіру арқылы оқу процесінде тиімді сүйемелдеу қызметін қамтамасыз ету. Қатысушыларға инклюзивті білім беру принциптері, тұлғалық-бағдарлы тәсіл, Universal Design for Learning (UDL), Differentiated Instruction, функционалдық диагностика негіздері бойынша оқу модульдері ұсынылды.

Білім алушылар курстың практикалық бөлімінде ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу кезіндегі типтік педагогикалық жағдайларды талдап, нақты сценарийлер бойынша шешім қабылдау алгоритмдерін әзірледі. Сонымен қатар, психоэмоционалды қолдау, коммуникативтік кедергілерді жеңу, әлеуметтік бейімделу мен мінез-құлықты реттеу стратегиялары да назарда болды. Тренингтер мен кейс-стади әдістері арқылы педагог-ассистенттер оқушылардың қажеттіліктеріне сәйкес жеке білім беру бағытын (IEP – Individualized Education Plan) құрастыру дағдыларын меңгерді.

Курс барысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларға инклюзивті ортада тең мүмкіндік жасау – тек әлеуметтік әділеттілік қағидаты ғана емес, сонымен қатар халықаралық білім беру стандарттарының ажырамас бөлігі екені ерекше атап өтілді. Бұл тұрғыда педагог-ассистенттің рөлі оқушының оқу жетістігін қолдаушы, психологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуші, және тұлғалық әлеуетін ашушы кәсіби маман ретінде айқындалды.

Қатысушыларға білім берудегі халықаралық озық тәжірибелерге негізделген құралдар ұсынылып, ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ, OECD сынды халықаралық ұйымдардың ұсынымдары мен нормативтік құжаттары таныстырылды. Сонымен қатар, курс білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында қолданылатын заманауи педагогикалық технологиялар мен цифрлық ресурстармен жұмыс істеу дағдыларын да қамтыды.

Педагог-ассистент – инклюзивті білім беру кеңістігінде маңызды функционалдық буын. Оның кәсіби даярлығы мен эмоционалдық тұрақтылығы, баламен орнатқан сенімді қарым-қатынасы білім алушының әлеуметтік бейімделуі мен академиялық жетістіктерінің кепілі бола алады. Осы орайда, педагог-ассистенттерді жүйелі кәсіби қолдау, олардың үздіксіз дамуына жағдай жасау – білім беру саясатының маңызды міндеттерінің бірі ретінде қарастырылуы тиіс.

Бұл курс тыңдаушылардың кәсіби дамуына серпін беріп қана қоймай, инклюзивті мектеп моделін тиімді жүзеге асыруда педагог-ассистенттердің рөлін тереңірек ұғынуға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жалғасын тауып, педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін арттыруға бағытталған курстар мен тренингтерді тұрақты түрде өткізу көзделуде.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ «КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 9 МЕКТЕП ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ

bastynews

ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ НАЗАРЫНА

bastynews

БАЙЫЛДЫР АУЫЛЫНДА
ЭТНОСАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚТЫ НЫҒАЙТУ МАҚСАТЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

bastynews