Жаңалықтар

ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДЕГІ ИННОВАЦИЯЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ

2025 жылғы 1 қыркүйек күні Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясында «Білім күні» аясында «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбында салтанатты жиын өтті. Іс-шараға 1 және 11 сынып оқушылары, қала әкімінің орынбасары Арман Сәбитұлы, Қазақстанның Еңбек Ері Соловьева Алина Робертовна, қамқоршылық кеңесінің төрағасы мен өкілдері, мектеп басшылығы, ардагер ұстаздар, педагогикалық ұжым, ата-аналар мен оқушылар қатысты.

2025–2026 оқу жылында мектепте 3590 оқушы білім алатын болады. Олардың ішінде 255 бірінші сынып оқушысы мен 11-сынып түлектері бар. Білім беру процесі заманауи педагогикалық тәсілдер мен цифрлық инфрақұрылымға негізделген. Оқушылардың сыни ойлау қабілетін, цифрлық сауаттылығын, ғылыми-зерттеу дағдыларын, шығармашылық және креативті қабілеттерін дамыту мақсатында интерактивті технологиялар мен пәндік зертханалар кеңінен қолданылады. Барлық педагогтер жасанды интеллект негізіндегі білім беру құралдары бойынша 100% сертификатталған.

2 қыркүйектен бастап тәрбие жұмысы «АДАЛ АЗАМАТ» бірыңғай бағдарламасы аясында жүзеге асады. Бұл бағдарлама «Біртұтас тәрбие» жүйесінің жаңартылған нұсқасы болып табылады және Мемлекет басшысының «Адал Азамат – Адал еңбек – Адал табыс» идеологиялық тұжырымдамасын толық қамтиды. Бағдарлама «Заң мен тәртіп» қағидатын тәрбие үрдісіне интеграциялап, «ӨМІРЛІК БАҒДАР» және «ТӘРТІП ТІРЕГІ» жобаларына қатысуды көздейді.

2 қыркүйек күні бірінші сабақ «МЕКТЕБІМ – МӘҢГІЛІК МЕКЕНІМ» тақырыбында өткізілетін тәрбие сағатынан басталады. Сонымен қатар, оқу жылында әр дүйсенбіде алғашқы сынып сағатының 10 минуты жеке қауіпсіздік дағдыларын жетілдіруге арналған. Әр сәрсенбі күні бірінші сабақтың алғашқы 3 минуты дене шынықтыру жаттығуларымен басталып, оқушылардың физикалық және психикалық денсаулығын қолдау мақсатында арнайы ұйымдастырылған.

Мектептің бастауыш сынып оқушылары 2022 жылдан бері ыстық тамақпен толық қамтылған, бұл оқушылардың денсаулығы мен оқу қабілетін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, биылғы жылы «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында 323 балаға әлеуметтік көмек көрсетілді, бұл оқушылардың білім алу мүмкіндіктерін теңдестіруге бағытталған.

Мектеп ұжымы мен әкімшілік қазіргі білім беру парадигмасындағы инновациялық технологияларды енгізу арқылы оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасап, білім беру үдерісінде сапа мен тиімділікті арттыруға ұмтылуда. Жаңа оқу жылы білім беру саласындағы заманауи талаптарға сәйкес, әрбір оқушының жеке потенциалын ашуға, қоғамның цифрлық және гуманитарлық сұраныстарына жауап бере алатын азамат болып қалыптасуына негіз болады.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: КЕНТАУДА «ЕРЕКШЕ» КОЛЛЕДЖГЕ ЖЕДЕЛСАТЫ ОРНАТЫЛЫП ЖАТЫР

Bastynews

ТҮРКІСТАН: САУРАНДА 900 ОРЫНДЫҚ ЗАМАНАУИ МЕКТЕП БОЙ КӨТЕРІП ЖАТЫР

Bastynews

ШЫМКЕНТ: АБАЙ АУДАНЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Bastynews