Шымкент қаласында 2025–2026 оқу жылы қарсаңында әлеуметтік әлсіз санаттағы балаларға арналған қолдау шаралары аясында ауқымды жұмыс атқарылуда. Қазақстанның үшінші мегаполисі ретінде Шымкентте балалардың білім алуына тең мүмкіндік жасау, олардың мектепке толық дайындықпен баруын қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болып отыр. Осы мақсатта жаңа оқу жылы басталар тұста қала аумағындағы 63 894 оқушыға мемлекет тарапынан нақты көмек көрсетілмек.
Аталған қолдау Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы №64 және 2025 жылғы №320 қаулылары аясында жүзеге асырылуда. Биыл жалпы білім беру қорынан бөлінген қаражат негізінде аз қамтылған және әлеуметтік осал санаттағы 56 430 балаға әрқайсысына 46 500 теңгеден қаржылай көмек берілді. Бұл — оқушылардың мектеп формасы мен оқу құралдарын дер кезінде сатып алуына бағытталған нақты әрі уақытылы қамқорлық. Осы мақсатқа жалпы сомасы 2,6 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды.
Бұл бастама – қала әкімдігі мен білім басқармасының үйлесімді жұмысының нәтижесі. Мемлекеттік қолдау тек мемлекеттік мектептерде ғана емес, жеке меншік білім беру ұйымдарында оқитын оқушыларға да қолданылады. Жаңа өзгерістерге сәйкес, биыл «Мектепке жол» акциясы аясында жекеменшік мектептерде оқитын 7 464 оқушыға да бір реттік материалдық көмек беріледі. Бұл мақсатқа қосымша 347 миллион теңге бөлініп отыр. Осылайша, әлеуметтік әділеттілік пен білім беру теңдігіне негізделген ұстанымдар толықтай сақталуда.
Шымкент қаласы еліміздегі ең тығыз қоныстанған әрі балаларының саны жылдан-жылға артып келе жатқан мегаполистердің бірі ретінде әр оқу жылының қарсаңында әлеуметтік қолдауға мұқтаж оқушылардың санына ерекше назар аударады. Жергілікті билік пен білім басқармасы білім беру саласындағы инклюзивтілік пен қолжетімділік қағидатын нақты іспен дәлелдеп келеді. Әсіресе жаңа оқу жылы қарсаңында көрсетілетін бұл қолдау – ата-аналар үшін де, оқушылар үшін де үлкен демеу әрі сенім.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, әрбір бала – ел болашағының негізі. Осы орайда Шымкенттегі білім беру мекемелерінде әлеуметтік қорғауды қажет ететін санаттағы балаларды қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Тек материалдық көмекпен шектелмей, психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық тұрғыдан да қолдау тетіктері іске қосылып келеді.
Жалпы алғанда, шамамен 3 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініп отырған бұл бастама – мегаполис деңгейіндегі әлеуметтік жауапкершіліктің айқын көрінісі. Әлеуметтік осал топтағы балаларға көрсетіліп отырған бұл жан-жақты көмек олардың мектепке бару процесін жеңілдетіп қана қоймай, білімге деген ынтасын арттыруға, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жол ашады.
Білім беру саласындағы осындай тең қолжетімділік – дамыған, әділетті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Шымкент қаласы бұл бағыттағы жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырып, әр баланың болашағына сеніммен қарауына негіз болуды басты мақсат етіп отыр.