Шымкент қаласы мәслихатының уақытша комиссиясы жаңа 2025–2026 оқу жылының басталуына орай білім беру ұйымдарындағы дайындық барысын тексеру мақсатында бірқатар нысандарды аралады. Комиссия құрамына Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов пен қалалық мәслихат депутаттары енді. Басты мақсат – білім беру мекемелеріндегі күрделі жөндеу және құрылыс-монтаж жұмыстарының уақытылы әрі сапалы атқарылуын бақылау.
Тексеру жұмыстары аясында бірінші болып дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатына барылды. Бұл білім ордасында күрделі жөндеу жұмыстары биылғы ақпан айында басталған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 85 пайызға орындалған. Ғимарат ішіндегі жұмыстар негізінен аяқталып, енді сыртқы аумақты абаттандыру ғана қалған. Мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов мердігер мекемеге нақты сын-ескертпелер айтып, қалған жұмысты жаңа оқу жылына дейін толық аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, жөндеу жұмыстарының сапасына да айрықша назар аударылатынын ескертті.
Келесі кезекте комиссия мүшелері №10 Ақпан батыр атындағы жалпы білім беретін мектептің жағдайымен танысты. Аталған мектептегі құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталған. Бейнебақылау жүйесі іске қосылып, қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған. Мәслихат төрағасы ендігі кезекте Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен Төтенше жағдайлар департаментінің өрт қауіпсіздігі қызметінен қажетті рұқсат актілерін уақытылы алу керектігін атап өтті.
Жалпы, Шымкент қаласындағы 252 мектептің жаңа оқу жылына дайындығына кешенді зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Уақытша комиссия қазіргі уақытта 180-ге жуық мектепті аралап, әрқайсысындағы дайындық барысымен жеке танысқан. Қалалық мәслихат депутаттары күрделі жөндеу мен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан білім беру мекемелерінде сапа мен мерзімділіктің қатар сақталуы аса маңызды екенін алға тартты.
Білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына толық дайын болуы – оқушылардың білім сапасына, оқыту процесінің үздіксіздігіне және ең бастысы, қауіпсіздік талаптарының орындалуына тікелей әсер ететіні белгілі. Сондықтан да қала мәслихаты бұл мәселені ұдайы бақылауда ұстап отыр. Құрылыс жұмыстары уақытында аяқталып, барлық қажетті инфрақұрылым мен санитариялық талаптар толық қамтамасыз етілген жағдайда ғана мектептер жаңа оқу жылына қабылданады.
Мәслихат төрағасы өз сөзінде білім беру саласындағы инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстарының сапалы және тиімді атқарылуы үшін барлық жауапты тараптар бірлесе жұмыс істеуі қажет екенін баса айтты. Сонымен қатар, балалардың оқу процесі тек сапалы біліммен ғана шектелмей, қауіпсіз және заманауи оқу ортасын құрумен тығыз байланысты екенін жеткізді.
Аталған дайындық жұмыстары Шымкент қаласы мәслихатының алдағы сессиясында арнайы қаралып, кең көлемде талқыланатын болады. Бұл өз кезегінде білім беру саласындағы ашықтық пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған нақты қадам болмақ.
