Жаңалықтар Қоғам

№84 ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕП – КӨПҰЛТТЫ ОРТАДАҒЫ САПАЛЫ БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕНІҢ ОРДАСЫ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №84 жалпы орта білім беретін мектебі – өз тарихы мен дәстүрі қалыптасқан, көп жылдық тәжірибесі бар білім ұжымы. Мектеп өшпес тарихымен, білікті кадрлық құрамымен және ұрпақ тәрбиесіндегі берік ұстанымдарымен ерекшеленеді.

Оқу орнының қабырғасынан осы күнге дейін 3000-нан астам түлек түлеп ұшып, олардың бірқатары – «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлері ретінде еліміздің түрлі салаларында өз орнын тапқан. Қазіргі таңда мектепте 1260 оқушы білім алып жатыр. Мектептің этномәдени ерекшелігіне сай, қазақ және орыс тілдерінде білім беру жүзеге асады. Оқушылардың құрамында молдаван, күрді, әзірбайжан, орыс, өзбек, шешен, татар ұлттарының өкілдері бар. Бұл – оқу ордасының ұлтаралық татулық пен мәдениетаралық диалогты дамытудағы рөлін айқындай түседі.

Мектеп ұжымы – кәсіби шеберлігі жоғары педагогтерден құралған. Қазіргі таңда білім ордасында:

30 педагог-зерттеуші

24 педагог-сарапшы

26 модератор

16 педагог (санатты) еңбек етуде.

Ұжымның әдістемелік бірлестіктері үйлесімді жұмыс жүргізіп, білім беру сапасын арттыруда жүйелі әдістер мен жаңа форматтағы тәсілдерді қолдануда.

Оқушылар түрлі қалалық, облыстық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар сайыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Сонымен қатар, мектеп түлектері туған ауылына қолдау көрсетіп, оқушыларға рухани тәрбие беруге де өз үлесін қосып келеді. Ауыл ақсақалдары мен алқа билері де тәрбиелік бағыттағы жұмыстарға белсенді араласуда.

Мектепте оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 16 түрлі үйірме жұмыс істейді. Үйірмелердің бағыты – спорт, би, техника, шығармашылық, патриоттық тәрбие сынды салаларды қамтиды. Атап айтқанда, «Балдәурен» би үйірмесіне – 86 оқушы қатысады, олар республикалық деңгейде жүлдегер атанған.

Сондай-ақ, робототехника үйірмесі оқушылардың техникалық сауаттылығын арттыруда ерекше рөл атқарып отыр.

2019 жылдан бастап мектеп жан басына қаржыландыру жүйесіне өтті. Осы негізде оқу-тәрбие процесін жаңғырту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Мектепте қазіргі заман талаптарына сай модификацияланған физика, химия, биология кабинеттері, информатика және технология сыныптары жұмыс істейді. Бұл – оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға, ғылыми-ізденіс жұмыстарына ынталандыруға мүмкіндік беріп отыр.

Кітапхана қоры толықтырылып, оқушылардың рухани дамуына арналған оқулықтар, көркем әдебиеттер және электронды ресурстар жүйеленген. Оқу залы еркін пайдаланылады.
Мектеп асханасында 1–4 сынып оқушылары 100% тегін ыстық тамақпен қамтылған.

Мектеп қалалық және облыстық білім басқармасының қолдауымен түрлі семинарлар мен конференциялар өткізуге белсенді қатысады. «Самғау» шығармашылық тобы әдістемелік бағытта маңызды жобаларды жүзеге асыруда.

Мектеп әкімшілігі – креативті, жаңашыл, ұрпақ сабақтастығына ерекше мән беретін басқарушы команда. Осы ұжымның үйлесімді жұмысының нәтижесінде мектеп тек білім беретін орын ғана емес, тәрбиелік мәні зор қоғамдық орта ретінде қалыптасып отыр.

Қатысты жаңалықтар

BILIMAPP ПЛАТФОРМАСЫ: ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕГІ БІЛІМ САПАСЫН ЦИФРЛЫҚ МОНИТОРИНГТЕУДІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

bastynews

Жауапкершіліктің жүгі ауыр

Bastynews

ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕКТЕ ОСЫ ЖЫЛЫ 11 ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Bastynews