Қазақстан Республикасындағы білім беру ұйымдарының оқушылары мен қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектептерде күзет қызметін ұйымдастыруға жүйелі жаңа тәсілдер енгізілуде. Ел Премьер-Министрінің тапсырмасына сәйкес, білім беру нысандарына күзет қызметін сатып алуға арналған типтік конкурстық құжаттама әзірленді. Бұл құжатта күзетшілерге қойылатын бірыңғай әрі нақты талаптар қамтылған.
Жаңа регламентке сәйкес мектептерде жұмыс істейтін күзет қызметкерлеріне қойылатын негізгі талаптар мыналар:
күзетшілердің жасы — 25 пен 50 жас аралығында болуы тиіс;
арнайы кәсіби даярлықтан өтуі;
қаруды алып жүруге және пайдалануға лицензиясының болуы;
соттылығы болмауы;
меншік кеңсесінің (базасының) болуы;
жедел әрекет ететін кемінде екі тобы болуы қажет.
Сонымен қатар, әрбір мектепте төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет ету алгоритмі бекітілген. Осы алгоритмге сәйкес, жылына кемінде екі рет теориялық және практикалық оқу-жаттығу сабақтары өткізіледі, оған Төтенше жағдайлар және Ішкі істер министрліктерінің қызметкерлері қатысады.
Білім беру ұйымдарын техникалық жағынан жарақтандыруға ерекше назар аударылып отыр. Шымкент қаласында 955 білім беру ұйымы жұмыс істейді, оның 243-і мемлекеттік, 712-сі жекеменшік. Олардың ішінен 570 ұйым қалалық білім басқармасының қарамағында және ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2022 жылғы 30 наурыздағы №117 бұйрығына сәйкес террористік тұрғыдан осал нысандар тізіміне енгізілген.
Аталған 570 нысанның ішінде:
230 – мемлекеттік ұйым (оның ішінде 63 балабақша, 157 мектеп, 10 колледж);
340 – жекеменшік ұйым.
230 мемлекеттік ұйымның барлығы келесі қауіпсіздік жүйелерімен 100% жабдықталған:
бейнебақылау жүйелерімен, олар Шымкент қаласы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған;
жедел шақыру батырмаларымен;
мектеп ғимараттарының кіреберісіне турникеттер мен өту жүйелері орнатылған;
І-дәрежелі мамандандырылған күзет компанияларымен келісімшарттар жасалған, олар тәулік бойы физикалық күзетпен қамтамасыз етеді.
Осылайша, Шымкент қаласында оқушылар мен педагогтердің өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ тұрақты әрі қауіпсіз оқу үдерісін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді қауіпсіздік жүйесі қалыптасқан. Бұл шаралар білім беру саласындағы барлық тараптардың қауіпсіз жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
