Ақпарат

ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ САЛАДАҒЫ ТӘЖІРИБЕЛІК ОҚЫТУ: «ЭКО-ФАРМ» КОМПАНИЯСЫМЕН БІРЛЕСКЕН ЖОБА

Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы мен «Эко-Фарм» ЖШС арасындағы ынтымақтастық аясында «Фармация» білім беру бағдарламасы бойынша 3 курс студенттері (В-ФО-02-22 тобы) «Фармакогнозия-2» пәні бойынша дуальді оқытудан өтуде. «Эко-Фарм» фармацевтикалық компаниясының жанындағы «BioEtica» сынақ орталығының физика-химиялық зертханасының меңгерушісі Олжабай Аязбек және зертхана меңгерушісі Сұлтанбекова Сәуле Төрегелдіқызы студенттерге дәрілік өсімдік шикізатының сапасын бақылау тақырыбы бойынша материалдар ұсынды.

Оқыту барысында студенттер дәрілік өсімдік шикізатына әртүрлі талдау түрлерін жүргізу процестерімен танысты. Мұндай талдауларға тауарлық, фармакогностикалық және фитохимиялық зерттеулер кіреді.

Дуальді оқытудың мақсаты — студенттердің стандарттау жүйесі туралы білімін қалыптастыру, дәрілік өсімдік шикізатының сапасын реттейтін нормативтік құжаттармен таныстыру болды. Бұл әдістердің жиынтығы шикізаттың сапасы мен дәрілік препараттарда қолдануға жарамдылығы туралы толық түсінік алуға мүмкіндік береді.

Дәрілік өсімдік шикізатына жасалатын тауарлық талдау — нормативтік құжаттардың талаптарына сай өнімнің сапасы мен түпнұсқалылығын бағалауға мүмкіндік беретін талдаудың ең толық түрі болып табылады.

Студенттер «Эко-Фарм» компаниясының аналитикалық зертханаларындағы жоғары технологиялық жабдықтармен танысты. Әсіресе, оларды ВЭЖХ (жоғары тиімді сұйық хроматография), Сокслет аппараты, атомды-абсорбциялық спектрометр, спектрофотометр және медициналық бұйымдардың сапасын бағалауға арналған құрылғылар қызықтырды. Студенттерге Сокслет аппаратын пайдалана отырып, хош иісті райхан шөбінің эфир майын стандарттау және алу тәжірибесі ұсынылды.

Зерттеу барысында шикізаттың ұнтақталу дәрежесі, бөгде қоспалардың болуы, белсенді заттардың мөлшері, ылғалдылық деңгейі, 10% HCl ерітіндісінде ерімейтін күлдің мөлшері анықталуы мүмкін.

Фармакогностикалық талдау макроскопиялық, микроскопиялық және фитохимиялық зерттеулерді қамтиды.

Сонымен қатар, «Эко-Фарм» ЖШС дәрілік өсімдік шикізатының сапасын бағалаудан бөлек, медициналық бұйымдарды өндірумен және дистрибуциясымен де айналысады. Атап айтқанда, «AVATUBE» сауда маркасымен бір реттік стерильді вакуумдық пробиркалар, медициналық екіжақты стерильді инелер мен инеұстағыштар, сондай-ақ травматология мен ортопедияда қолданылатын «Marai» маркалы полиуретаннан жасалған бинттер мен ортопедиялық шиналар шығарады.

Осылайша, дуальді оқыту жүйесі болашақ мамандардың теориялық білімін нақты өндірістік тәжірибемен ұштастырып, практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Қатысты жаңалықтар

КӨКСАЙ ШАҒЫНАУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫНА ЖАҢА ПӘТЕР КІЛТТЕРІ ТАБЫСТАЛДЫ

bastynews

БІРЫҢҒАЙ ВАУЧЕРЛІК ҚАРЖЫЛАНДЫРУ: “БАЛА ҮШІН БӘЙГЕ БАСТАЛАДЫ”

bastynews

«Жас сарбаз» – ел қорғаны болуға ұмтылған жастардың ерлік мектебі

bastynews