Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты жалпы орта білім беретін мектептердің информатика пәні мұғалімдеріне арналған «Информатика пәні бойынша оқушылар арасында Python бағдарламалау тілінде олимпиадалық күрделі есептерді шешудің жолдары» тақырыбындағы шебер-сынып «Өрлеу» Кәсіби даму институтының базасында өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – пән мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін арттыра отырып, оқушылардың алгоритмдік және логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған олимпиадалық есептерді Python бағдарламалау тілінде шешудің тиімді әдіс-тәсілдерін меңгерту.
Шебер-сынып барысында қатысушыларға:
олимпиадалық есептерді талдау және тиімді шешу жолдары;
Python тілінде алгоритмдер құрудың құрылымы;
есептің шартын мұқият оқу және негізгі талаптарын анықтау;
уақыт пен жады шектеулерін ескере отырып оңтайлы шешім табу;
күрделі есептерді модульдеу және оларды коды түрінде жүзеге асыру әдістері бойынша тәжірибелік білім берілді.
Практикалық бөлімде пән мұғалімдері олимпиадалық деңгейдегі бірнеше типтік есеппен жұмыс жасап, Python тілінде нақты алгоритмдер құрып, оларды бірлесе сараптады. Қатысушылар арасында есептердің орындалу уақытын оңтайландыру, көп сатылы шарттарды өңдеу және енгізу-шығару құрылымдарын тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.
Оқыту барысында ерекше назар есеп мазмұнын талдауға аударылды. Себебі, олимпиадалық есептерді тиімді шешудің алғашқы қадамы – есеп шартын дұрыс түсініп, негізгі сұранысты айқындау. Бұл дағды оқушылардың информатика пәніндегі академиялық жетістігін ғана емес, сонымен қатар олардың математикалық және логикалық ойлау қабілеттерін арттырады.
Шебер-сынып тыңдаушылар арасында үлкен қызығушылық туғызды. Мұғалімдер мұндай мазмұнды және практикалық бағыттағы шаралардың оқу процесіне айтарлықтай пайдасы бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, олар бұл білім мен дағдыларды информатика пәнін оқыту барысында, әсіресе олимпиадаларға дайындық кезінде кеңінен қолдануға болатынын жеткізді.
Шара соңында қатысушылар мен ұйымдастырушылар арасында кері байланыс орнатылып, ұсыныстар мен пікірлер қабылданды. Келешекте осындай мазмұндағы шебер-сыныптарды түрлі тақырыптарда жиі өткізу ұсынылды.
«Өрлеу» Шымкент қаласы бойынша Кәсіби даму институты пән мұғалімдеріне заманауи білім беру технологияларын меңгертуге және цифрлық дағдыларды дамытатын бағыттарда әдістемелік қолдау көрсетуді одан әрі жалғастырады. Информатика пәні – болашақ ІТ мамандарының алғашқы қадамы. Сондықтан бұл салада білікті педагогтің рөлі ерекше маңызды.
