Инклюзивті білім беру – ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға тең мүмкіндік жасау арқылы олардың қоғамға толық бейімделуін қамтамасыз ететін маңызды бағыт. Бұл тек білім саласының ғана емес, бүкіл қоғамның өркениеттілігі мен адамгершілік деңгейінің көрсеткіші болып саналады. Шымкент қаласында бұл бағытта жүйелі және кешенді жұмыстар атқарылып жатыр.
Инклюзивті білім беруді дамыту «Білім беруді дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» мен «2023–2029 жылдарға арналған өңірлік жол картасы» аясында іске асырылуда. Бағдарламаның басты мақсаты – ерекше балалардың сапалы білімге, әлеуметтенуге және қоғам өміріне тең дәрежеде араласуына жағдай жасау.
Бұл стратегиялық құжаттар инклюзивті білім беру инфрақұрылымын жетілдірумен қатар, арнайы педагогикалық кадрларды даярлау, ата-аналармен жұмыс, әдістемелік қолдау, құқықтық және психологиялық-педагогикалық кеңес беру тетіктерін қарастырады.
2025 жылға дейінгі кезеңде Шымкент қаласындағы 25 мектепке «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Табалдырықтан табалдырыққа дейін» жобасы аясында 50 шынжыр табанды көтергіш орнатылды. Сонымен қатар:
пандустар,
арнайы белгілер,
бейімделген санитарлық тораптар,
кең есік ойықтары орнатылып, мектеп ғимараттары толықтай бейімделіп жатыр.
Қалада 24 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 5 арнайы мектеп-интернат, 5 арнайы балабақша, 1 оңалту орталығы, 1 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру орталығы мен 12 түзету кабинеті бар. Сонымен қатар, жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті қолдау кабинеттері ашылып, логопед, дефектолог, психолог, ассистент-педагогтер тұрақты негізде қызмет атқарады.
Соңғы үш жылда 845 мұғалім инклюзивті және арнайы білім беру бойынша біліктілік арттыру курстарынан өтті. 2025 жылы 300 педагог қайта даярлықтан өтті. Дегенмен, кадр тапшылығы – өзекті мәселе. Қалада 747 арнайы маман қызмет атқарады. Бірақ олигофренопедагог, тифлопедагог, сурдопедагог сынды тар бейінді мамандар тапшылығы әлі де сезіледі. Бұл мәселені шешу мақсатында педагогикалық ЖОО және колледждермен тығыз байланыс орнатылып отыр.
Медициналық қорытынды негізінде мектепке бара алмайтын балалар үшін үйде немесе стационар жағдайында жеке бейімделген бағдарламалармен оқыту ұйымдастырылады. Бұл оқушылар үшін жеке оқу жоспары құрылады.
Ата-аналармен жұмыс мектептегі психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі арқылы жүргізіледі. Қызметтің негізгі міндеттері: баланың даму ерекшеліктерін анықтау, ата-аналарға кеңес беру және оқуға бейім орта құру.
Қалада ерекше балаларды қоғамдық өмірге тарту мақсатында жыл сайын «Тең мүмкіндіктер әлемі», «Жұлдызай», «Біздің таланттар», «Шексіз шығармашылық» сияқты мәдени жобалар іске асады. Сонымен қатар, логопедтік, сенсорлық, психологиялық жаңа кабинеттер ашу, «Арнайы білім берудің үздік педагогі» байқауы сынды жаңа жобалар жоспарланған.
Шымкент қаласында инклюзивті білім беру – мемлекеттік басымдықтардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыс білім беру инфрақұрылымын дамытумен қатар, кадр даярлау, ата-анамен серіктестік, әдістемелік қолдау көрсету сияқты барлық тетіктерді қамтып отыр. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға тең мүмкіндік беру – тек оқу мәселесі ғана емес, қоғамның өркениетті болашағына салынған инвестиция.
