Жаңалықтар Қоғам

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ: СҰРАНЫСҚА ИЕ МАМАНДАР ДАЯРЛАУДАҒЫ ЖАҢА КЕЗЕҢ

2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша Шымкент қаласында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының желісі 40 колледжді құрады. Бұл білім беру ұйымдары жастарға сапалы білім беріп қана қоймай, оларды нақты еңбек нарығына бейімдеп, болашақ кәсіби жолға бағыттап отыр.

Қазіргі таңда елімізде техникалық және кәсіптік білім беру – экономиканың нақты секторы үшін білікті кадрлар даярлаудың маңызды тетігіне айналған. Осы бағытта Шымкент қаласында жүйелі жұмыстар жалғасып, колледждер желісі заман талаптарына бейімделуде.

2025–2026 оқу жылына жоспарланған қабылдау науқаны шеңберінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадр даярлау мақсатында 70 мамандықты қамтитын мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылды. Аталған тапсырыс негізінде жалпы саны 8000 талапкерді оқуға қабылдау көзделуде. Бұл – жастардың техникалық және кәсіптік білімге деген қызығушылығының артқанын, сонымен қатар өңір экономикасының болашақтағы қажеттіліктерін ескере отырып қабылданған нақты шешім екені сөзсіз.

Мемлекеттік тапсырыстың бағыттары нақты еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес айқындалған:

  • Техникалық мамандықтар бойынша – 6151 орын (76 пайыз). Бұл көрсеткіш инженерлік-техникалық кадрларға деген сұраныстың жоғары екенін аңғартады. Электр энергетикасы, көлік, құрылыс, автоматтандыру, ІТ және басқа да өндірістік салаларға қажетті мамандарды даярлау басты басымдық болып отыр.
  • Педагогикалық мамандықтар бойынша – 855 орын (11 пайыз). Бұл бағытта мектепке дейінгі тәрбие, бастауыш білім беру, арнайы педагогика және басқа да педагогикалық кадрларды даярлау қарастырылған. Ел болашағы – білімді ұрпақ десек, оны тәрбиелейтін кәсіби мұғалімдер – басты құндылық.
  • Мәдениет және өнер саласы бойынша – 544 орын (7 пайыз). Қала мәдениетін дамыту, ұлттық өнерді насихаттау мен шығармашыл тұлғаларды қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта музыка, хореография, сахна өнері, дизайн салаларында мамандар даярлау қолға алынуда.
  • Медициналық мамандықтар бойынша – 450 орын (6 пайыз). Денсаулық сақтау жүйесіне қажетті орта буын медицина қызметкерлерін даярлау – қоғам сұранысынан туындаған өзекті міндет. Медициналық колледждер қазіргі заман талаптарына сай жабдықталып, тәжірибелік білім беруге бағытталған.

Мемлекеттік тапсырыспен оқуға түсу – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Колледждерде білім алушылар стипендиямен, заманауи материалдық-техникалық база және өндірістік тәжірибе өту мүмкіндіктерімен қамтылады. Сонымен қатар, дуалды оқыту жүйесі арқылы студенттер теория мен тәжірибені қатар игеріп, оқу орнын бітіре сала жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.

Шымкент – еңбекқор жастардың қаласы. Ал техникалық және кәсіптік білім – сол жастардың болашағын нықтайтын берік іргетас. Алдағы оқу жылында да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, мыңдаған жас маман еңбек нарығына жолдама алады.

Қатысты жаңалықтар

Қызылорда полиция басқармасының бастығын ұсталды – БАҚ

Bastynews

 Мұқтажы қайсы, масылы қайсы?!

Bastynews

ШЫМКЕНТ: ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ – МЕКТЕПТЕРДЕ КАПИТАЛДЫ ЖАҢАРТУ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

bastynews