М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Химиялық инженерия және биотехнология» жоғары мектебі, «Биотехнология» кафедрасының білім алушылары халықаралық ғылыми жарысқа қатысып, еліміздің намысын қорғап, үлкен жетістіктерге жетті. Бұхара қаласындағы Әбу Әли ибн Сина атындағы Бұхара мемлекеттік институтының базасында өткен «Әбу Әли ибн Синаның ілімінен – үшінші жаңғыруға» атты V Халықаралық олимпиадасына көптеген мемлекеттерден студенттер мен жас ғалымдар қатысты. Бұл шара ғылым мен білім саласында өзекті мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу және инновациялық идеяларды ұсыну мақсатында ұйымдастырылды.
Олимпиадаға қатысқан шымкенттік студенттеріміздің есімдері жарыс қорытындысында жоғары деңгейде аталып өтілді. Абдезимов Жасұлан Махамбетұлы (ХТ-23-5а тобының 2 курс студенті) өзінің саладағы терең білімін, зерттеушілік қабілеттерін және ғылыми ізденісін көрсете отырып, 2-ші орынға ие болды. Сонымен қатар, магистрант Кожамуратов Едил Жалғасұлы (МХТ(1)-24-3нк тобының магистранты) өзінің ғылыми жұмысымен біріншілік орынды жеңіп алып, жоғары деңгейдегі кәсіби дайындық пен зерттеу нәтижелерінің сапасын дәлелдеді.
Студенттеріміздің бұл жетістігі – олардың қажырлы еңбегі мен ғылыми тұрғыда белсенділігінің нәтижесі ғана емес, сонымен қатар университетіміздің сапалы білім беру жүйесінің, ғылыми зерттеу жұмыстарының және кәсіби мамандар дайындаудағы үздік тәжірибесінің көрінісі. Биотехнология саласындағы білім беру мен ғылыми қызметтерді дамытуда университетіміздің алар орны зор екенін дәлелдейтін маңызды оқиға болып табылады.
Бұл маңызды жетістікке жетуде студенттердің жетекшісі – ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Алпамысова Гулжайна Байгонысовна үлкен үлес қосқанын атап өткен жөн. Оның кәсіби шеберлігі, ғылыми тәжірибесі және тәлімгерлік қасиеттері шәкірттерінің ғылыми ізденісін жетілдіруге, қиындықтарды жеңуге және жоғары нәтижелерге жетуге мүмкіндік берді.
V Халықаралық олимпиада шеңберінде жас ғалымдар мен студенттерге арналған ғылыми семинарлар, талқылаулар мен тренингтер ұйымдастырылып, қатысушылар өздерінің зерттеулерін таныстырып, өзекті ғылыми мәселелер бойынша пікір алмасты. Осындай халықаралық деңгейдегі жарыстар жастардың кәсіби дамуына, халықаралық ғылыми байланыстар орнатуына және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлкен мүмкіндік береді.
