2025 жылғы 17 шілдеде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) бірлесіп «Болашақ» халықаралық стипендиясының тиімділігін арттыру мәселелері бойынша стратегиялық сессия өткізді.
Сессия жұмысына мемлекеттік органдардың, сарапшылық қауымдастықтың, жетекші талдау және консалтингтік ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ білім мен ғылым саласындағы мамандар қатысты.
Іс-шараны ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов ашып, қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде «Болашақ» бағдарламасының елдің адами капиталын дамытудағы және әлеуметтік-экономикалық жаңғыру үдерісіндегі стратегиялық рөлін ерекше атап өтті.
Сессияның негізгі баяндамашысы ретінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Құсманов сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында «Болашақ» бағдарламасына енгізілген соңғы өзгерістерге тоқталды. Атап айтқанда:
- Жаратылыстану-техникалық бағыттарға, соның ішінде жасанды интеллект, атом энергетикасы және инженерлік технологиялар салаларына басымдық беру;
- Тағылымдамаларды тек оқу елдерінің ресми тілінде өтуге көшу ұсынылды.
Талқылау барысында әртүрлі сала өкілдері бағдарламаның мазмұнын, бағыттарын, тиімділік критерийлерін жетілдіру бойынша ой-пікірлерін ортаға салды. Атап айтқанда, пікір білдірген спикерлер қатарында:
- Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары Сырымбет Қаскеев,
- KPMG консалтинг практикасының жетекшісі, серіктес Тимур Омашев,
- «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерділда Таутенов,
- Білім, экономика және мемлекеттік саясат саласының сарапшылары: Жәнібек Айгазин, Руслан Сұлтанов, Еламан Төлепберген, Ербол Төлегенов, Нұрмұхаммед Досыбаев және басқалар болды.
Сессия қорытындысы ретінде «Болашақ» бағдарламасын одан әрі жетілдіру, оның тиімділігін арттыру, институционалдық тетіктерін жаңарту, сондай-ақ бағдарламаның Қазақстанның орнықты дамуына қосатын үлесін ұлғайту бағытындағы нақты ұсынымдар мен бастамалар әзірленетін болды. Бұл ұсыныстар алдағы уақытта талдамалық және нормативтік құжаттар түрінде ресімделіп, мемлекеттік органдарға жолданады.