Елімізде 2025-2026 оқу жылы үшін магистратураға қабылдауға арналған кешенді тестілеу басталып, 10 тамызға дейін жалғасады. Бұл – жоғары білім берудің екінші деңгейіне түсуге ниетті мыңдаған үміткер үшін маңызды кезең. Тестілеу ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен, Ұлттық тестілеу орталығы арқылы электрондық форматта өткізіліп жатыр.
Естеріңізге сала кетсек, кешенді тестілеуге қатысу үшін өтініштер 1 маусым мен 8 шілде аралығында app.testcenter.kz порталында қабылданды. Үміткерлерге тіркелу, емтихан тапсыру пунктін таңдау, және жеке мәліметтерді енгізу толықтай онлайн форматта жүргізілді.
Биылғы кешенді тестілеуге 51 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Бұл – соңғы жылдардағы жоғары динамиканы көрсететін маңызды көрсеткіш.
Тестілеудің жалпы шекті балы – 75. Оның ішінде шет тілі бойынша – кемінде 25 балл, оқуға дайындығын анықтау тесті бойынша – кемінде 7 балл, бейіндік пәндердің әрқайсысы бойынша – кемінде 7 балл жинау қажет.
Ал бейінді магистратураға түсушілер тек бейіндік пәндер бойынша тест тапсырады. Бұл бағыттағы талапкерлерге жалпы 30 балл жинау қажет, оның ішінде бірінші және екінші бейінді пәндер бойынша кемінде 7 баллдан жинауы тиіс.
Тестілеу нәтижелерімен келіспеген талапкерлер емтихан аяқталған сәттен бастап 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция онлайн форматта беріледі және 5 жұмыс күні ішінде қаралады. Тексерілген соң қорытынды нәтиже талапкердің жеке кабинетінде орналастырылады, сол жерден тестілеу сертификатын жүктеуге болады.
Айта кетейік, 2025 жылы магистратура бағдарламалары бойынша білім алуға 13 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлініп отыр. Бұл гранттар еңбек нарығында сұранысқа ие, стратегиялық маңызды салалар бойынша кадрлар даярлауға бағытталған. Атап айтқанда, педагогика, ақпараттық технологиялар, инженерлік бағыттар, ауыл шаруашылығы, жаратылыстану ғылымдары мен медицина салаларына ерекше назар аударылған.
Мемлекеттік грант конкурсына құжаттарды қабылдау 12–18 тамыз аралығында жүзеге асырылады. Құжаттарды қабылдау рәсімі толықтай электрондық форматта өтеді. Грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланады, ал магистратура бағдарламалары бойынша жоғары оқу орындарына қабылдау процесі 28 тамызға дейін аяқталады.
Осылайша, магистратураға түсу науқаны жүйелі әрі ашық түрде жүзеге асып жатыр. Бұл білім беру жүйесінің цифрлық трансформациясын, қолжетімділігін және талапкерлерге ыңғайлы болуын көрсететін маңызды үрдіс.