Бүгін Бәйдібек ауданында аудандық және қалалық ардагерлер ұйымдарының жұмысын талдау, даму жоспарын пысықтау, сондай-ақ «Ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс» тақырыбында мазмұнды кездесу өтті.
Жиынға Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Әбдішүкір Әбдімәлікұлы Сапарбеков, Бәйдібек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бағдат Қалаубай, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Өскен Алдамжаров сондай-ақ «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасы» ұйымдарының мүшелері және аудан ардагерлері қатысты.

Басқосу барысында күн тәртібіндегі өзекті тақырып – ұрпақ тәрбиесі кеңінен қозғалды. Қатысушылар келелі ойларын ортаға салып, ұрпақ тәрбиесінің бүгінгі бағыттарына жаңаша көзқарас қажеттігін атап өтті.
– Бүгінгі таңда жастар тәрбиесі – қоғамның басты мәселелерінің бірі. Себебі саналы ұрпақ – ел болашағының алтын діңгегі. Осы бағыттағы жауапкершілік әрбіріміздің ортақ парызымыз. Бірлесе жұмыс атқару – заман талабы, – деді ардагерлер кеңесінің мүшелері.
Кездесуге қатысушылар жас ұрпақ тәрбиесіне жаңа серпін беру қажеттігін, бұл іске бүкіл қоғам болып жұмыла атсалысу керектігін айтты. Сондай-ақ, құзырлы органдар тарапынан озық идеялар мен бастамаларға қолдау қажет екенін атап өтті.

Басқосу барысында ұрпақ тәрбиесіне тың көзқарас қалыптастыру, жүрекке жететін тақырыптық қойылымдар ұйымдастыру арқылы тәрбиенің жаңа формаларын енгізу туралы ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, ұрпақ тәрбиесіндегі сабақтастықты жүйелі жолға қою үшін кешенді бағдарлама әзірлеу мәселесі де көтерілді.