Ақпарат Жаңалықтар Қоғам

ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ БОЙЫНША КӘСІБИ КЕҢЕС АЛДЫ

Бүгінгі таңда бәсекеге қабілетті, құқықтық сауатты әрі жауапкершілігі жоғары ұрпақ қалыптастыру – қоғам алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Қаржылық және құқықтық білімнің жетіспеушілігі – азаматтардың әлеуметтік және экономикалық осалдығының басты себептерінің бірі болып отыр. Осы бағытта халықты ақпараттандыру мен құқықтық сауаттылықты арттыру ерекше маңызға ие.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей: «Заң үстемдігі қамтамасыз етілмесе, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмейді, ал онсыз әлеуметтік-экономикалық даму да мүмкін емес.»
Осыған орай, Түркістан қаласында тұрғындарға арналған қаржылық сауаттылық пен құқықтық қолдауға бағытталған семинар-тренинг өтті. Іс-шарада азаматтарға қаржы жүйесіндегі құқықтары, банк өнімдерін қауіпсіз пайдалану, несие шарттарын түсіну, алаяқтықтан қорғану және жеке қаржыны тиімді басқару жолдары түсіндірілді.
Семинарға арнайы шақырылған мамандар – заңгер, «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысындағы үйлестірушісі Жандос Әзімбай және педагог-психолог Шара Абдирахманова – қатысушыларға пайдалы әрі практикалық кеңестер берді.


Мамандардың айтуынша, халықты ресми және сенімді ақпаратпен қамтамасыз ету, сондай-ақ құқықтық сауаттылықты дамыту – қазіргі күннің өзекті міндеттерінің бірі.
– «Сіздердің көкейлеріңізде жүрген маңызды мәселелерге нақты жауап беріп, қолдан келген көмекті көрсетуге дайынбыз. Біздің есігіміз әрдайым ашық», – деді олар.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін мазалаған сауалдарын қойып, мамандардан нақты кеңес алды. Қатысушылар қаржылық алаяқтық белгілерін ажырату және алданбау жолдарын үйреніп, осындай ашық форматтағы ақпараттық кездесулердің жиі өткізіліп тұру қажеттігін жеткізді.

Қатысты жаңалықтар

23,2 МЛН ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІНЕ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛДІ

Bastynews

Қоян жылы кімдер миллионер атанады?

Bastynews

ШЫМКЕНТТЕ БІРЫҢҒАЙ АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Bastynews