Мақтаарал ауданында ұрпақ тәрбиесіне арналған «Ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс» тақырыбында маңызды кездесу өтті. Жиын «Ардагерлер орталығында» ұйымдастырылып, оған ауданның ардагерлері, жастар тәрбиесіне мүдделі мекемелер өкілдері, білім беру саласының мамандары, Ішкі саясат бөлімі, сондай-ақ «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасы» ұйымдарының мүшелері қатысты.
Кездесуде жастардың ұлттық тәлім-тәрбиесін нығайту, азаматтық құндылықтар мен рухани мұраларды насихаттау тақырыбы кеңінен талқыланды. Ұлт болашағын қалыптастыруда аға буынның рөлі ерекше екенін атап өткен Ардагерлер кеңесінің төрағасы, жастарды қарапайымдылыққа, үнемшілдікке және қайырымдылыққа тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, жастарға ұлттық дәстүрлерді насихаттау, отбасы құндылықтарын сақтау және патриоттық сезімді ояту мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін жеткізді.
Жиын барысында жастар тәрбиесіне қатысты атқарылып жатқан іс-шаралар мен алдағы жоспарлар туралы арнайы баяндамалар тыңдалды. Жиынға қатысушылар әрбір ата-ананың бала тәрбиесіне мән беруі, мектептерде тәрбие жөнінде жиындар өткізу, біліммен қатар, тәлім-тәрбие беру жұмыстарын жандандыру қажеттігін ерекше атап өтті.