
ҚАЗАҚСТАН АТОМДЫ «ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ» РЕТІНДЕ ПАЙДАЛАНҒАЛЫ ЖАТҚАН ЖОҚ, «ЭНЕРГИЯ КӨЗІ» РЕТІНДЕ ТҰТЫНҒАЛЫ ОТЫР
Сондықтан «құлақтан тебілмей тұрып», білмегенімізді сұрап алайық…
Әлқисса… Әлеужелі алаңы ел айтса айтқандай ақ тым қызық. Бір тақырыптың төңірегінде ой айтып, «төңкеріліп» жатып, « төңкеріп-ақ» тастаймыз. Жан жақты талқы. Кімнің пайымы оң жамбасқа оңтайлы, соған қарап аударылып түсеміз. Қазіргі «хит» тақырып АЭС төңірегінде. Келістіріп көбік сөздің «күбісін піспесек» те, ел сөзінің аужайы мен шаужайын бақылап отырмыз. Сонымен талқыламадық па? Қазақстанға АЭС салдырмаймыз деп шулап жүргендер қандай АЭС-ті айтып жатыр?
1. АЭС-Атом электр стансасы: «Ядролық қару» өндірісі
2. АЭС-Атом электр стансасы: «Бейбіт атом энергетикасына келу»
Қоғамдық сана жаңғырмай, расында да ел АЭС-ті салдырмайды. (бұл келесі қаузайтын ойымызға тақырып)
АЭС салдырмаймыз деп шулап жүргендер осының қайсысын салдырмаймыз деп шулап жүргені әл-әзірге біз үшін беті толықтай ашылмаған тақырып… иненің көзіндей жылт етпе жаңалық шықты. Не туралы екенін ел яки ұқпады, яки ұқты. «БІЗ АЭС-ке» қарсымыз деп шу ете қалды. Неге?
Басынан бастасақ… АЭС салу жобасы туралы әңгіме 2021 жылдан бастап жандана түсті. Бұған себеп «Росатом» Қазақстанға АЭС салуға дайын» деген Ресейдің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісінің пікірі болған сияқты. Мұны естіген қоғамның сүбелі ой айтқыш қаймақтылары іліп алып, талқыға тастады да жіберді. Жалпы бұл төңіректегі ойдың басы ілгеріректе де қылаң беріп қалып жүрген. Сондай қарсылықтың бірі Алматы облысының ауылдарының бірінен салынатын тұста үдеп кетті. Сол кезде ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халықтың пікірі ескерілмей, атомэлектр стансалары салынбайды» деді. Содан әлі талқылау. Алайда байыбына жіті зерделеп, барып жатқандар жоқтың қасы. Көбісінің көкейінде «Чернобль трагедиясы». Қазір пікір білдірген қауымның басым бөлігі осыны айтып жүр. Ойды қозғаған Мұхтар Тайжан сол кезде АЭС-тің қай түрін ерекшелігіне қарай меңзегені беймәлім. Жалпақ тілмен жалпылама ойды айтты, бітті. Жұрт өздеріне түсінікті түрін іліп кетті. Сол кездегі Мұхтар Тайжан мырзаның тау туралы ойы жайына қалды. Тақырыпқа тұздыққа оның «бұл мәселеге таулардағы демалыс орындары мен дәретханаларға баруға үзілді-кесілді қарсы болып жүрген экологтарымыз не айтар екен?» деген ойын қоса кетейік.
Осы орайда Ресейдің экологиялық тиімсіздігін тілге тиек етіп, оған қарағанда АЭС салуға АҚШ пен Жапонияға сенуге болатынын тілге тиек еткен Азаматхан Әмиртай да сол кезде Семей полигонын мысалға келтіріпті. Мұның ілмек сөзінің «Ресейдің ескі технологиясын қоямыз деп халықты қатерге итермелеуге болмайды» деген тұсын күрмекке алдық.
Журналист Марат Бәйділләұлы болса, Ресей Қазақстанға АЭС салса, АҚШ-тың санкциясына ілініп кетеміз дегенді айтып, саяси сауаты «биесауым шақтай» қауымды мүлдем айран-асыр қыла алды.
Былай қарасақ, мұндай қарсы пікір өте көп. Біз ел алдына шығып, көзіне ілігіп қалғандардың біразының пікірін «күбіге пісіп», күрмексөзін ілмектеп отырып, майын шығарып бере аламыз. Бірақ, ел қаймақтыларының өзі «мына себепке байланысты жүз пайыз қарсымыз!» деп кесімді ойын айтпай отыр. Тек қана долбар, жай ғана тұспалдың жетегінде жүрген сияқты.
Бірақ біздің айтпағымыз ол емес. Елді «қашпаған қашардың уызына жарытқандай» күйге түсірген жобаның жайы. Қазір «электрэнергиясының тапшылығын жоямыз!» деген үміттің «үрей» жетектеп жүргенінде… Өздеріңіз білесіздер, елге пікіріңді мақұлдата алудың бір тетігі «үрей». Туындата алдың, қауым «қаһарман» іздей бастайды. Мұндай кезде «қаһарман» табу оп-оңай… Қарсылық танытқандар «құтқарушыдай» көрінеді. Бұл ойтопшымыз арқылы біреуді «күстаналаудан», ойын теріске шығарудан аулақпыз әрине. Тек қана әлиқассамызды «әлдилеп» отырмыз… Сайып келгенде, барлығы уақыттың еншісіндегі жәйт. Бұл тұста пікір қарама-қайшылығы бір-ақ нәрседе, АЭС салынса қауіп ерекшелігіне қарай әртүрлі. «Атом» сөзінің түсінігінің өзі қарама-қайшылықтан тұрады. «Қыртпа» пікірлер мен ойталастардың қырып алар тұсы осыда деп бағамдадық. Қаймақтылар қазір электр тапшылығын жоюға АЭС-тің қай түрі салынатыны, кімдер салатыны, технологиясы қалай болатыны жайында тереңдеп жатқан жоқ сияқты. Өз позициясын өткізу мақсаты бар ма қайдам тақырыптың қаймағын қалқып, бетінде жүргендей көрінеді бізге. Әлбетте бұл «олар білмейді» деген сөзіміз емес. Біле тұра жалпы «мән-жаймен бөліспей жатыр ма?» деген күдігіміз бар.
Осы орайда білгенімізбен бөлісе кетейік. АЭС-тің түрлері тауда, суда, тегіс жерде салынатын ерекшеліктеріне қарай бөлінеді. Қауіптілігі де осыған байланысты түрленуі мүмкін. Оның өзінде де, «Ядролық қару» ретінде ме, әлде «Бейбіт атом энергиясына келуде» ме?» деген қарама-қайшылық бар. Біз елге осыны жік-жіліктеп түсіндіре алдық па? Қай түрі болса да, қауіпсіздігі жайында ой қозғалған сәтте саналарға қорқыныш ұялатуы мүмкін… Осы орайда үгіт насихат кемшіндігін алға тартқан жөн бе деген ой туындап отыр. Осы орайда, Қазақстанда АЭС-салу туралы ойдың «Бейбіт атомэнергиясын» салудан туындап жатқандығын теріске шығармаймыз. Сондықтан біздің редакция қазір Қазақстандағы физик-атомшиктерді іздеп жатыр. Әзірге түртіп қоярымыз бір ақ нәрсе, АЭС-ке біз су іздеп жатқан сияқтымыз… Қалған тақырыпты Қазақстандағы АЭС салудың білікті маманымен сөйлескен кезде қаузаймыз.
Қазір ізденіп тапқанымыз осы, сарапшылар пайымының пайда әкелетін үш нақты тұсын кесіп алып көрсетейік.
Біріншіден АЭС салудың ең маңызды тұсы, қазір тапшылығы сезіле бастаған электр қуатының жетімсіздігін құтыламыз. Бұл арқылы жетім баладай, сыртқа телмірген ахуалымыз жойылады. Яғни біз электрэнергиясы үшін ешкімге тәуелді болмаймыз. «Жарық берші» деп сыртқа алақан жаймаймыз. Өзімізде өндіреміз.
Екіншіден көпшілігіміздің біріміз білетін, екіншімізге қалай екені беймәлім еліміздің «Көміртегі бейтараптығына» қол жеткізу. Бұл туралы 2060 жылға дейінгі ел президентінің қойған межесі бар. Білгілілеріңіз келсе, бөлек тақырып етіп қаузауға болады. Осы тұста біздің ілмексөз: парниктік газ қалдықтарының ең төмен көрсеткіштері атом энергетикасында екен. АЭС арқылы көміртегі бейтараптығына қол жеткізсек…» СТОП! Қазақстандағы салынатын жұрт айтып жүрген АЭС-те, біз айтып тұрған «Бейбіт атом энергиясында» экологиялық қауіпсіздік бар екен ғой. Онда неге «Чернобль» деп, «Семей полигоны» деп «қара апатты» мысалға келтіріп жатырмыз? Қаймақтыларымыз қалай осы тұсына мән бермей отыр?
Ары қарай кеттік… Үшіншіден әлем бойынша уран өндірісінен алғашқы орында тұрғанымызбен, сыртқа кетіп жатқанын жақ талса да, қоймай «жырлап» жүрміз. Өзіміз өндірген уран өзімізде пайдаланылады.
Сонымен, 2022 жылдан бері зерделеніп келген АЭС салынатын жерлердегі зерттеу жұмыстарының нәтижесі қандай болды? Зерттеу қай жерлерде жүргізілді? Қашанға дейін созылады? Бітті ме жалпы? Процестері қалай болды? «Қарсымыз, Қарсымыз!» деп айғайлай бермей осыдан хабарымыз бар ма? Әрбір өткізілген АЭС салу туралы жиында қарсылық таныта бермей біз неге байыбына барып, осыны сұрап алмаймыз? Жиын өткізгендер «айналсоқ» қылмай, осыны неге айтпаймыз?
Жалпы, «Қазақстандағы АЭС салу алаңын таңдау Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің келтірілген критерийлерімен жүргізіледі» деген сыбысты естіп ем, блгілеріңіз келсе, мұның не екенін бөлісуге дайынмын! Айтыңыздар.
Елдің алдында сөйлеп қалған қаймақтылар, халықты «құлақтан» көтере бермей, маған осыны түсіндіріңіздерші. «Бейбіт атом энергетикасы» деген не? Сіздер осы жобаға қарсы болып жүрсіздер ме, әлде АЭС-тің салынуына ма? Әлде, Қазақстанда салынатын АЭС-те бейбіт атомды пайдаланады» дегенге сенбей жүрсіздер ме? Әзірге бізді қызықтырған сауал, Сіздер осы неге қарсы болып жүрсіздер? Үмітті «үрейге» емес, болашаққа деген «сенімге» жетектетсек, неден ұтыламыз деп отырсыздар? Сайып келгенде, бізге заман талабында өзекті тұрған электр энергиясын жою үшін залалы аз, жаңарған энергия көздерін ашу қажет!