Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында заң үстемдігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – елдің тұрақты дамуының басты кепілі екенін атап өткен болатын. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар аясында Отырар ауданында тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған мазмұнды семинар-кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, қаржылық сауаттылық деңгейін көтеру, интернет-алаяқтықтың алдын алу және халықтың қаржылық қауіпсіздігін нығайту.

Кездесу барысында тұрғындарға несие рәсімдеу тәртібі, қаржылық міндеттемелерді тиімді басқару жолдары, алаяқтық әрекеттерден сақтану тәсілдері мен заң аясында өз құқықтарын қорғау тетіктері кеңінен түсіндірілді. Семинарға «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша қаржы сарапшысы Жасұлан Меңдіқұлов, «Бәйтерек» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, заңгер-кеңесші Ролан Қонысбеков және PhD доктор, доцент, психолог Салтанат Асанова қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Кездесу барысында мамандар қазіргі қоғамдағы құқықтық және қаржылық сауаттылықтың маңыздылығына ерекше тоқталып, қаржылық тұрақсыздықтың әлеуметтік әрі психологиялық салдары жөнінде кеңінен баяндады. Сонымен қатар, интернет-алаяқтықтың соңғы түрлері, азаматтарды алдап несие рәсімдеу жағдайлары және мұндай құқықбұзушылықтардан қорғану жолдары нақты мысалдар арқылы түсіндірілді. Сондай-ақ, борыштық жүктемеге тап болған азаматтарға көрсетілетін құқықтық қолдау тетіктері, қаржылық жоспарлау мәдениеті мен жеке бюджет жүргізудің тиімді әдістері жөнінде пайдалы ақпараттар берілді.

Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға мамандар нақты әрі жан-жақты жауап беріп, құқықтық кеңестер ұсынды. Кездесу соңында қатысушылар мұндай ашық диалог алаңдарының қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтіп, құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыру бағытындағы іс-шараларды тұрақты түрде өткізу қажеттігін жеткізді. Айта кету керек, мұндай кездесулер халықтың құқықтық қорғалу деңгейін күшейтіп қана қоймай, қоғамдағы сенім мен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға да оң ықпал етеді.
