Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өңірде өндіріс орындарын ашу, инвестициялық ахуалды жақсарту және экономиканы әртараптандыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Осы бағыттағы нақты шаралар Сайрам ауданында да жүйелі түрде іске асырылып келеді.
2025 жылға аудан бойынша негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 170 млрд теңге болып жоспарланған. Алайда өткен жылдың қорытындысы бойынша Сайрам ауданы экономикасына тартылған инвестиция көлемі 181,5 млрд теңгеге жетіп, жылдық жоспар 11,5 млрд теңгеге немесе 6,8 пайызға артығымен орындалды. Бұл көрсеткіш ауданның инвестициялық әлеуетінің жоғары екенін және кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптасқанын көрсетеді.
Өткен жылы аудан аумағында 16 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 570 жаңа жұмыс орны құрылды. Атап айтқанда:
- өңдеу өнеркәсібі саласында – 4 жоба,
- ауыл шаруашылығы саласында – 3 жоба,
- шағын және орта кәсіпкерлік саласында – 6 жоба жүзеге асырылды.
Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттыруға, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.
2025 жылы Сайрам ауданында жалпы құны 161,2 млрд теңгені құрайтын 32 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жобалар өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, құрылыс материалдарын өндіру, логистика, сауда және қызмет көрсету салаларын қамтиды. Аталған жобалар толық іске асырылған жағдайда 2 408 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сонымен қатар, аудан әкімдігі тарапынан инвесторларға инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жер телімдерін рәсімдеу, рұқсат құжаттарын жеделдету және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану бойынша нақты шаралар қолға алынған. Бұл инвестициялық жобалардың іске асу мерзімін қысқартып, өндіріс орындарының уақытылы пайдалануға берілуіне мүмкіндік береді.
Инвестиция тарту бағытындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге, халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға және ауданның өндірістік әлеуетін күшейтуге серпін беретін болады. Сондай-ақ жаңа өндірістердің іске қосылуы жергілікті бюджет кірістерінің өсуіне және өңірдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етпек.
